420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту қарқын алды

  • 182
  • UPD: 23:54, 25.08.2020

Ақтөбе облысында сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту қарқын ала түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кәсіпке машықтанған тек Мәртөк ауданындағы қожалықтардың қатары биыл алты фермамен толықты. Өңірдегі тұтынушыларды сүт өнімдерімен қамтуға елеулі үлес қосып отырған шаруалар келер жылдан бастап көрші аймақтардың нарығына да шығуды көздеп отыр. Ал, өлкенің тұмса табиғаты арқасында туризмді дамытуды қолға алғандар дертіне шипа іздеген жандарға тың тәсілді ұсынуда.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Мұхамметхан Қарсақовтың шаруашылығы сүт өндіруге бағытталған. Сегіз жыл бұрын 17 бас сиырмен құрған қожалығында бүгінде 900 ірі қара бар. Оның 650-ге жуық аналығын сауып, сүттің басым бөлігін өңірдегі ірі өңдеу кәсіпорнына тапсырады. Ал, қалғаны Мәртөк пен Ақтөбенің сауда орындарына жеткізілуде. Жеке қаражаты мен мемлекеттік қолдаудың арқасында ісін дөңгелектен кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Бүгінде мал басын асылдандыруды қарқынды жүргізуде. Енді келер жылдан бастап иеліктегі ірі қараны екі есеге көбейту және сүт өнімдерін шығару цехын іске қосу жоспары бар.

Мұхамметхан Қарсақов, шаруа қожалығының басшысы:

- Құрал-жабдықтарының бәрі дайын. Осы жерге келесі жылы салсам деймін. Сосын мамыр айында іске қосқым келеді. Сосын он шақты адам жұмысқа алынады. Ол жерде сүт өнімдерін шығарамыз, 12 түрін. Мына жұмысшыларға 50-дей үй саламыз.

Ауданның ауыл шаруашылығы өзгелермен салыстырғанда қарқын алған. Дәстүрлі егін және мал өсіруден өзге, соңғы кездері бал және жеміс-жидекке бет бұрғындар көбейген. Мәселен, құлпынай мен жүгері еккен мына шаруашылықта қазір кезекті жиын-терімге дайындық басталған. 6 гектар алқаптың өнімі көрші Атарау, Маңғыстау және Қостанайға да жөнелтіледі.

Рахат Көпжан, кәсіпкер:

- Жеміс-жидек, соның бағытын алу бастапқы ойлағандай. Яғни, біздер қосымша таңқурай, қарақат егеміз. Тоңазытқыш салу керек және басқа да жоспарлар бар.

Шаруалар жыл өткен сайын өнім көлемін арттыруды мақсат еткен. Соның ішінде бүгінде сұраныс көбейген сүтті молынан өндіру жолға қойылыпты.

Шамил Саринов, Мәртөк аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Жалпы 460 шаруа қожалығы бар. Оның жартысы малмен айналысады. Жартысы егістікпен айналысады. Былтыр 27 млрд-қа өнім өндірілді. 30 шақты шаруашылық ара балымен одан кейін ешкі шаруашылығымен айналысып жатқан бес шаруашылық бар.

Аудан үшін туризмді дамыту да маңызды міндеттердің қатарында. Әзірге марал шаруашылығының емдеу санаторийі отандық және шетелдік меймандардың қызығушылығын туғызуда. Бірақ мамандар пандемиядан кейін келушілер саны күрт артатынын болжап отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы