424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

  • 178
  • UPD: 23:52, 25.08.2020

Көкшетау қаласы биыл айтарлықтай өзгереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі, шаһарда бұрын-соңды болмаған құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Айталық, осы жылы көкшеліктердің көптен күткен жобасы – Қопа көлінің жағалауы толық абаттандырылып, сол маңайдан жаңа ғимараттар бой көтереді. Көлдің айналасын дамытудың бірінші кезеңінің өзіне 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұдан бөлек, облыс орталығында жаңа жолдар мен көпірлер салынып, әлеуметтік нысандар тұрғызылып жатыр.  

Дамир Берікұлы, тілші:

- Көл жағалауын дамытудың бірінші кезеңінде 2 шақырымға жуық жер абаттандырылмақ. Бұл – «Көктем» мөлтек ауданынан бастап Кенесары көшесіне дейінгі арақашықтық. «Биыл көктемде басталған құрылыс жұмыстары, күзде толық аяқталады», - дейді, мамандар. Ал, жағалаудың өзі 7 аумаққа бөлінеді.

Бекболат Тұрғымбаев, мердігер:

- Бірінші аумақта қоғамдық жағажай мен амфитеатр орналасады. Екіншісінде, спорттық алаң мен жаттығу қондырғылары, үшіншісінде, балалар ойын алаңқайы жайғасса, ал төртінші бөлікте ересектер демала алады. Сондай-ақ мұнда ұзындығы 1 шақырымдық аллея мен түрлі мерекелік іс-шараларды өткізуге арналған үлкен алаң да болады.

Сондай-ақ көл маңынан 1500 балаға арналған Оқушылар сарайы да салынып жатыр. Заманауи нысанда жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдай жасалмақ. Қаладағы білім ошақтары да қазір кеңейтілуде. Мәселен, №6 мектептің іргесінен 300 орындық оқу корпусы тұрғызылып жатыр. Дәл осындай қосымша ғимараттар тағы үш мектептің жанынан бой көтеруде. Ал, мұның барлығы үш ауысымдық мәселесін жоюға бағытталып отыр, - дейді, білім бөлімінің өкілдері.

Айнұр Мусина, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- №1 мектеп-гимназиясына 600 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. Онда бастауыш сыныптың балалары оқиды. №13 экологиялық білім ошағында 420 оқушыға арналған нысан тұрғызылуда. Ал, №4 орта мектептегі жаңа оқу корпусы келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ биыл қалада орталықтағы 10 шақты көше жөндеуден өтті. Ал, жақында Назарбаев даңғылындағы жаңа көпір де іске қосылмақ. Енді қазір аллеялар мен скверлер қалыпқа келтірілуде. Одан бөлек, ең басты мәселе – қыстың қамы. Сондықтан осы жылы 4 шақырым ескірген жылу желілерін жаңарту үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы