426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелден ірі қара сатып ала бермей, өзіміздің ақбас сиырды көбейту керек – Шаруалар

  • 268
  • UPD: 11:12, 26.08.2020

Биыл әйгілі қазақтың ақ бас сиырына 70 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың сонау 30-жылдары бір топ ғалым 20 жылдай жүйелі жұмыс істеп қазақ, қалмақ сиырларын герефорд бұқасымен будандастыру арқылы етті бағыттағы жаңа тұқым шығарды. Салмағы бір жарым тоннаға жеткен бұқалар Мәскеудегі көрмелерден жүлделі орындар алып, абыройы асқақтаған. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысы Шалабай ауылында 1913 жылы патшалық Ресей тұсында да жабайы қазақ сиырларын зерттеу жұмыстары жүргізілгені тарихтың бұдан да терең екенін дәлелдеп отыр.

Кезінде Қазақстанда бір миллионнан асып жығылған қазақтың ақ бас сиыры өткен ғасырдың 90-жылдары 20 есеге азайып кетті. Қазір елімізде 1200-ден астам шаруашылық осы тұқымды өсірумен айналысып, ірі қараны қайта жаңғырту бағытында іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Мал басы 350 мыңға жетіпті.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Шілденің шіліңгір ыстығы мен қыстың қақаған аяздарына төтеп беретін ірі қара некен-саяқ. Қазақтың ақ бас сиыры ерте көктемде жайылымға шығып, желтоқсан айында 45 градустық аязда да тебіндікпен жайылып жүре береді екен. Өз төлін өзі бағудағы ерекшелігі де әлем жұртшылығын қызықтырып отыр.

Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарында Күнсіләм Мұсажанов жетекшілік еткен шаруашылықта ірі қараның тірі салмағы бойынша әлемдік рекорд орнатылды. Мәскеудегі көрмеде бұл жетістік зор марапатқа ие болған.

Зейнолла Тоқаев, ветеринария ғылымдарының докторы:

- Ол кезде негізгі көрсеткіш тірі салмағы, сол тірі салмағы 1450 килограм, бір жарым центнер ғой. Міне осы көрсеткіш осы күнге дейін әлемде әлі өзгерген жоқ. Осыған жете алмай жатыр. Жайылымды пайдаланып, ешқандай қосымша қорексіз тез өседі. Дене бітімі де сол жайылымның өзінен неше түрлі шөптердің де қасиеті болар деп ойлаймын.

Шалабай ауылының тұрғыны Қуаныш Сүлейменовтың негізгі мамандығы мұғалім. 15 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып жүр. Әулетінде арғы аталарының көбі ата кәсіпті игеріп, ел құрметіне бөленіпті. 150 сиырдан басталған шаруашылығында қазір малдың саны 10 есеге өскен.

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- 1913 жылы Ресей империясының жер орналастырушысы Петр Амосов Шалабай ауылында тастан осындай 2 қабатты ғимарат тұрғызып, жабайы қазақ сиырларын зерттеу жұмыстарын қолға алған. Алайда Қазан төңкерісі басталып кетіп, бұл жұмыстар сол күйінше аяқсыз қалады. Енді міне бір ғасыр уақыт өткеннен кейін тәуелсіз қазақ елінің ғалымдары бұл ғылыми жұмыстарды қайта жандандыруды қолға алып отыр. Қазір бұл жерде жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары басталған. Болашақта қазақтың ақ бас сиырының тұқымын шығаратын зертхана жұмыс істейді.

Қуаныш Сүлейменов, шаруашылық жетекшісі: 

- Осының ішінен қазақтың ақ бас сиырларының бұқаларынан тұқым шығарып, сол тұқымды Қазақстан бойынша басында 5 облысқа таратып, малдардың сапасын жандандырып және бұрынғы қазақтың ақ бас сиырының сапасына жеткізу мақсатымыз. Алла бұйырса, басында облысқа сатамыз, келешекте карантин бәрі біткеннен кейін ТМД бойынша да сатуға дайынбыз. Аргентинада маман бар Даниэль Риарто деген, сол кісі бізге айтып кеткен: «Ақ бас сиыр тұқымын өздерің шығарып жатсаңдар, Аргентинаға мен өзім міндетті түрде бірінші сатып алам» деп.

Ақ бас сиырды өсіруде түйткілдер де жоқ емес. Қуаныштың пікірінше, шетелдің малына қызықпай өзіміздегі барды бағалап, соны дамытуға барынша күш салу керек. «Субсидиядан гөрі ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер берілсе» дейді фермер.

Қуаныш Сүлейменов, шаруашылық жетекшісі: 

- Шетелдің малын әкелу дұрыс болған шығар, бірақ сол малмен бірге әкелген аурулар да көп. Сондықтан өзіміздің ақ бас сиырды өсіріп, Қазақстанның экономикасына үлесін қосуға дайын осы мал. Тек қана Қазақстан үкіметінен қолдау керек, болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағдарламасын өзгертіп, фермерлік шаруашылықтарға көңіл бөлсе, сонда сапасы да өседі, малдың саны да өседі. Қытайға да, Ресейге де шығаруға болады. Ғылыми жұмыс ол бір. Екіншіден, жас мамандарды тартып, оларға жағдай жасау керек. Үшіншісі, субсидия деген ол тегін ақша. Тегін ақшаға үйреніп кеткен азаматтардың көбі жұмыс істемей жатыр. Сондықтан субсидия бәрін алып, ұзақ мерзімге жеңіл несиелер беру керек.

Биыл өңірде құрғақшылық болғандықтан шөп те жылдағыдан бірнеше есе аз жиналып жатыр. Осындай күрделі кезеңде қазақтың ақ бас сиырын өсіру экономикалық жағынан тиімділігін көрсетіп отыр. Өйткені бұл мал етті бағытта болса да жем-шөпті өзге ірі қараға қарағанда 3-4 есе аз жейді екен.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы