429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада «Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1200 жас жұмысқа орналасты

  • 179
  • UPD: 10:12, 26.08.2020
Елордада «Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1200 жас жұмысқа орналасты

Елорда жастары «Жасыл ел» жобасы бойынша жүз мыңдаған ағаш пен көшетке күтім жасады.

Жоба аясында биылғы еңбек маусымында елордада 1200 жас жұмысқа орналасты, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

Олар 11502,2 гектар аумақты алып жатқан елорданың жасыл белдеуіне күтім жасауға қатысты. Сонымен қатар қала маңындағы 275 350 тал мен көшеттерді – сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, теректерді қопсытумен және суарумен айналысты.

«Астана Орманы» ЖШС мекемесінде жастар 90 мың тенге жалақыға қоса «Жасыл ел» жобасынан арнайы бөлінген 35 394 теңге сыйақы алуда.

Санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында жастардың бір жерге шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Таза ауада, ашық кеңістікте 2 метрден кем емес арақашықтық сақтау қажет. Сондай-ақ жобаға қатысушы жастар міндетті түрде маскамен, қолдарына қолғап киіп жұмыс істейді.

«Жасыл Ел» аясында жастар 3 санат бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, 14-17 жас аралығындағы көп балалы және аз қамтылған отбасыға жататын балалар, 17-22 жас аралығындағы колледж, ЖОО студенттері және үшінші ересек топ – жұмыссыз жастар санатындағы 18-29 жастағы азаматтар.

Кәмелетке толмағандар саябақтар мен алаңдарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Олардың жұмыс күні төрт сағаттан аспады. Екінші санаттағылар «Астана-Зеленстрой» жұмысшыларына көмектесті. Үшінші санаттағы студенттер мен қатысушылар құрылыс алаңдарында, сондай-ақ «Астана Орманы» кәсіпорнында жұмыс істеді.

Хабар 24 телеарнасы