421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайдағы 22 ауылға газ тартылады

  • 201
  • UPD: 17:59, 26.08.2020

Жамбыл облысы Қордай ауданында биыл 22 ауыл газдандырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 85 мың жергілікті тұрғын көгілдір отынмен қамтылмақ. Қазір магистральді құбыр тартылып, ауылішілік газ жүйелері жүргізіліп жатыр. Жоспар орындалса, қордайлықтар биылғы жылыту маусымында үйлерін газбен жылытады.

Көгілдір отын – қордайлықтардың көптен күткен арманы. Бұған дейін аудан елді мекендерінің 29 проценті ғана газ тұтынатын. Жұрт бұл мәселені жиын сайын айтып, көтеріп келген еді. Биыл Қордайды дамытуға әлеуметтік бағдарламалар арқылы жылдағыдан 7 есе көп қаржы бөлініп, қаражат ауыз су, жол және газ проблемасын шешуге бағытталды.

Ерғазы Бозшаев, Қаракемер ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қордайға қай жылы келді, сол жылдан бастап күттік. Әні келеді, міне келеді деп ақыры аяғында көшелер қазылып жатыр.

Ерлан Естемесов, Қаракемер ауылының тұрғыны:

– Асфальт салынып жатыр. Газ келіп жатыр. Су бар. Газды үйге дейін кіргізіп береміз деді. 100 мың теңгесін төлеп қойдық. Енді 25 мыңнан 10 айға бөліп төлейсіңдер деді қалғанын.

Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаракемер, Сортөбе ауылдарында газ құбырлары тартылуда. Әбден көмір жағып мезі болған ауылдық ағайын газ берілетін күнді тағатсыздана күтіп жүр. Жүйені жүргізетін 4 мердігер компания биылғы жылыту маусымына дейін жұмысты бітіреміз деп отыр.

Жанболат Ордабаев, мердігер:

– Келесі аптаның бірінші сабағынан бастап үй ішінде жұмыстарымыз басталады. Одан кейін Қызылсай ауылында орта қысымдағы газ құбыры тартылуда. Күнбатыс 1, Күнбатыс 2 және Масаншы ауылы сияқты бес ауылда жұмыс жасалып жатыр. Қазіргі уақытта 30 процент жұмысымызды жасап жатырмыз.

Жалпы Қордай ауданында 41 елді мекеннің 12-і ғана газдандырылған. Биыл 10 ауылға көгілдір отын тартуға 5,6 миллиард теңге бөлінді. Қазан айына дейін құрылыс аяқталса, ауылдардың газбен қамтылу көрсеткіші 53 процентке жетеді. Қордайлықтар үшін тағы бір жағымды жаңалық. Ауданда бұдан бөлек, тағы 12 елді мекенді газдандыруға қатысты қаржы мәселесі шешілді. 

Ерлан Орынбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

– Кеше ғана Отар аумағының 12 елді мекенінде қаржыландыру мәселесі шешілді. Екі мердігер компания анықталды. Біреуі АГРС соғады. Екіншісі 12 елді  мекенге магистральді газ жүйесін тартады. Аяқталу мерзімі биылғы жылдың желтоқсан айында. Осы жоба іске асырылған жағдайда 85 процент ауыл газбен қамтылады.

Жоспар орындалса, ауданда газдандырылмаған 6 ауыл қалады. Ол елді мекендерге қатысты қазір жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып жатыр. Қазан айында дайын болса, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсыныс берілмек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы