429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда жаңа сот органы құрылады

  • 195
  • UPD: 20:09, 26.08.2020

Ол жеке азаматтар мен құрығы ұзын мемлекеттік мекемелер арасындағы дау-дамайларды шешумен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни тек әкімшілік істерді қарайды. Бұл жұмыс Президенттің былтырғы жолдауда айтқан тапсырмаларынан кейін жүзеге аса бастады.

Қазір елде мемлекеттік мекемелер мен азаматтар арасында туындайтын дау-дамай көп. Соңы түйткілге ұласып, сотқа жетіп жатады. Ал арыз-шағым фемида өкілдерінің қарауына түскен кезде мемлекеттік мекеме өкілдерінде мүмкіндік көп. Өйткені олар кез келген ақпараттық база немесе кадрлық әлеуетке ие. Сәйкесінше, дәлел мен дәйекке еркін қол жеткізе алады. Ал қарсы тараптың мүмкіндігі аз болып жатады. 

Наталья Пан, ҚР әділет вице-министрі:

– Соттар келіп түскен шағымды енді формальды түрде қарастырмайтын болады. Керісінше, егер азамат іске қатысты жеткіліксіз дәлел әкелсе, кез келген ақпараттық базадан қосымша дәйек сұратуға құқылы. Судьялар мұндайда бейтарап көзқарас ұстанып, енжарлық танытпауы тиіс. 

Вице-министрдің айтып отырғаны – елімізде жаңадан құрылатын сот органы. Ол Президенттің былтырғы жолдауында айтқан әкімшілік әділет құрылымын енгізу жөніндегі тапсырмасынан кейін пайда болды. Қазір судьяларды дайындау ісі жан-жақты жүріп жатыр.

Наталья Пан, ҚР әділет вице-министрі:

– Бұл соттардың жұмысын бастау үшін бізге біраз уақыт керек. Қазір судьяларды оқытуға кірісіп кеттік. Бізге әкімшілік әділет жүйесі жүзеге асқан елдерден консультанттар келіп жатыр. Мемлекеттік органдар да бұған дайындалуы тиіс. Себебі судьяның құқығы енді кеңейетін болады. Ол арыз иесіне кеңес беріп, шағымды қалай жазу керектігін де түсіндіріп бере алады.

Жаңа сот органы келер жылдың шілде айында іске кіріседі. Сөйтіп, азаматтардың мемлекеттік мекемеге жазған шағымы әкімшілік әділет құрылымында қарала бастайды. Басты мақсат – қарапайым қазақстандықтар заңның үстемдігін сезінуі тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы