420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар Іле Алатауындағы ең қауіпті мұздықты жарды

  • 182
  • UPD: 20:04, 26.08.2020

Іле Алатауында мұздық өздігінен жарылса үлкен қауіп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сел жүруі мүмкін. Сондықтан Түрген өзенінің бассейнінде орналасқан көлдің деңгейін төмендету маңызды. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары, қазір көлдің ернеуін жырып, судың бір бөлігін ағызып жатыр.

Түрген өзені бассейніндегі №1 мұзды көл Іле Алатауындағы ең ірі және қауіптісі саналады. Көлемі 750 мың текше метр болған. «Қазселденқорғау» мамандары соңғы жылдары оның көлемін айтарлықтай азайтты. Бірақ қауіпті сейілту үшін деңгейін тағы төмендету қажет. Егер су мұздықтан саңылау табатын болса, көлдің суы алдындағыны жайпай төменге ағады. Ал тас пен топырақ аралас селдің көлемі миллион текше метрге дейін жетеді. Оның зардабы да зор болады. Бүгінгі таңда негізгі мәселе түсіру арнасында болып тұр. Сол арқылы су өздігінен, ал арнайы құбырдың көмегімен ұдайы ағып тұрады. Бірақ мұндағы таужынысы қатты. Оны жұмсартудың ең ыңғайлы жолы – жару.

Есенжол Намазбаев, «Қазселденқорғау» ММ бас жарушы-инженері:

– Қопарылыс заттарының салмағы – бір тонна. Жару жұмыстары ұзындығы 70 метр эвакуациялық каналда жүргізілуде. Жұмыс аяқталғаннан кейін жару жұмыстары осы 70 метр ұзындықтағы траншея 2-3 метрге жұмыстардың арқасында төмендейді.

Жарылысты мұздықтың құрылымын бұзып алмау үшін өте мұқият жасау керек. Интеррит деп аталатын арнайы эмульсиялық қопарғыш қолданылады. Кесек тас тиіп кетпеу үшін 500 метрден астам жерге бой тасалаған жөн.  

Еркін Ахметов, «Қазселденқорғау» ММ филиал басшысы:

– Жалпы осы аумақ бойынша бізде тіркелген 264-ке жуық көл бар. Жазғы сел қауіпті мерзімі кезінде гидробекеттер қойылған. Жалпы 15-ке жуық гидробекеттер күнделікті ақпаратты тәулігіне үш қайта рация арқылы алмасып отырамыз. Жағдай бақылауда, жағдай қалыпты.

Жарылысқа дейін де, одан кейін де «Қазселденқорғау» мамандары Түргендегі мұзды көлде батиметриялық жұмыстарды жүргізді. Оның көмегімен мұздықтың құрылымындағы өзгерістер бақыланады. Біріншіден, көлдің тереңдігі мен түбінің бедері зерттеледі. Содан соң бұл жердегі өзгерістерді гидробекет мамандары бақылап, уақтылы ақпарат беріп тұрады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы