421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында орақ науқаны басталды

  • 188
  • UPD: 20:07, 26.08.2020

Қарағанды өңірінде бидай бітік шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тек алтын дәнді ысырапсыз жинап, қамбаға құю керек. Қазір аймақ диқандарының алды егінге шалғы салған. Бір айта кетерлігі, биыл карантиндік шектеулер қырдағы шаруаларға біраз кедергі жасады. Дегенмен астықтың алғашқы түсімі жаман емес.

Павел Лущак – аймақтағы ең көп егін егетін санаулы диқандардың бірі. Биыл ол 30 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл сіңірген. Франция, Германия, Австрия, Украина және Ресейден 10 түрлі тұқым әкеліпті. Түсім жақсы, әр гектарына шамамен 20 центнерден айналып жатыр. Бірақ ол пандемия салдарынан осы жылы органикалық бидай өсірген жоқ. Табиғи таза өнімге сертификат беретін еуропалық мамандар елге жете алмаған.

Павел Лущак, фермер:

– Өкінішке қарай, биыл бізде органикалық өнім болмайды. Карантиндік шектеулерге байланысты инспекторлар Қазақстанға келе алмады. Үш жыл бойы дайындалған еңбегіміз еш кетті. Оның үстіне бізде органикалық егіншілікке мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Ал Еуропада бұл жұмысты қолға алғандарға қомақты субсидия беріледі.   

Қазір Қарағанды облысында орақ науқаны басталды. Мамыр, маусым айларында жаңбырдың аз болғанына қарамастан, аймақ диқандары орташа есеппен 10 центнерден өнім аламыз деп болжап отыр. Биыл өңірде 900 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл егілген.

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жорамал бойынша 9,9 центнерден өнім алып, 890 мың тоннадай астық жинаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Бұл алынатын астық келесі жылға қажетті тұқым жинауға және биыл егін егуге алынған несиелерді жабуға бәріне жетеді деп ойлап отырмыз. 

Егін орағына 2400 комбайн қатысуда. Биыл мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен 17 мың тонна жанар-жағармай бөлінсе, қазір соның тең жартысы шаруаларға жеткізілген. 

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы