420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде жаңа тұрғын үйден пәтер алған отбасылар баспаналарына кіре алмай жүр

  • 244
  • UPD: 23:08, 26.08.2020

Құжаты бар, кілті жоқ. Өскеменде жаңа көп қабатты үйден пәтер алған тұрғындар баспаналарына кіре алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сату-сатып алу жөніндегі келісімшарт жасалып, несие рәсімделгенмен банк тарапынан қаржыландыру жүргізілмеген.

Екі ортада пәтер кілтіне қол жеткізе алмаған тұрғындар әуреге түсті. Үйдің сапасы да сын көтермейді. Төбесінен су сорғалап тұр.

Өскемендік бірнеше отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған қолжетімді баспанадағы пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. Олардың банк табалдырығын тоздырғанына жарты жылға жуықтаған. Дайын тұрған үйлеріне кіре алмай, бірі саяжай жалдап,енді бірі аядай бөлмеде тұруға мәжбүр.

Саян Әміренов, қала тұрғыны:

– Сәуір айында сату-сатып алу жасалынды, содан бері баратын жер жоқ, бір жерде 3 отбасы тұрамыз, әкем, шешем, екі балам, бауырым баласымен бар.

Назым Жұмағұлова, қала тұрғыны:

– 50-60 мыңға үй жалдап тұрып жатырмыз, үйде балаларымыз бар, сабаққа баратын уақыт болды, әлі далада қаңғып жүрміз.

Банк өкілдерінің уәжі дайын. Олар несиенің жартысын қаржыландырып үлгердік, ал қалғанын қыркүйек-қазан айына дейін күтуге тура келеді дейді.

Дәурен Мырзатаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда 162 пәтердің ішінде 78-не бердік. Әлі де 50 шақты адамға береміз, ақша болып жатқа уақытта. Нақты уақыты осы қыркүйек пен қазан айында. Бірақ Бауыржан Момышұлы 14 нысанымызда құрылыс біткен жоқ.

Пәтерлеріне кіре алмай жүргендер оның сапасына да күмәнмен қарайды. Айнұр Бәкішева су жаңа баспанамды көріп салым суға кетті дейді.

Қазір ол үш баласымен саяжайда тұрып жатыр. Жаңадан салынған үйдің сапасы әліден осылай тоза бастаса, әрі қарай қалай болар екен деп алаңдайды. Сондықтан енді не көшіп келерін, не бас тартарын білмей дал.

Айнұр Бәкішева, қала тұрғыны:

– Қаржыландыру болған жоқ, әлі банктен өткен жоқпыз, бірақ соның өзінде атыма үй жазылып тұр. Енді не бас тарта алмаймын, не басқа үй ала алмайын және мына үйге туруға да келмейді.

Қаланы ауыз сумен жабдықтайтын мекеме үйді қабылдап алмай жатыр, салдарынан қыс алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілмеген. Энергетиктердің айтуынша, олардың талабы орындалмаған. Электр құрылғылары үй маңында шашылып жатыр.

Қала әкімдігі бұл үйдегі жағдайдан хабардармыз, қазір барлық келеңсіздікті жоюдың жолдарын қарастырамыз дейді.

Тамара Рахымжанова, қала әкімінің орынбасары:

– Расымен де үй электр желісіне уақытша қосылып тұр. Өйткені аймақтық энергетикалық компания өз шарттарында қандай құралдар болу керегін ашық көрсеткен. Есептегіш құралдармен, лицензия туралы «Бәйтерек Девелопмент» компаниясы айналысу керек.

Дәл осы аталған компания нысанды қаржыландырыпты, енді тұрғын үйдегі кемшіліктерді солар жоюы керек. Сондықтан олар тағы да тендер жариялап, кем-кетікті жөндейтін мекемені іздестіруде. Алайда екі рет байқау өткізілгенмен ешкім табылмай отыр. Сондықтан күздің қара суығы келгенше, үйдің шұрық-тесігі бітеліп, қысқа сақадай сай тұрады деп айту қиын.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Күленов кентіндегі бұл баспананың тұрғындары әлі көп жыл бойы әуреге түсетін сыңайлы. Мәселен, мына үйіліп жатқан үйінді бір қарағанда жай бір топырақ сияқты. Алайда ол топырақ емес, жылу сқатайтын құрылыста қолданылатын шыны мақта деп аталатын материал. Анау тоғызыншы қабаттан бері қарай мына бір тесік арқылы сырғып құлап, осылай тау болып үйіліп қалған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы