420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы бірнеше тұрғын алап бірер айда табиғи газға қосылады

  • 189
  • UPD: 22:33, 26.08.2020

Бірінші кезекте газ Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарына берілмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде құбыр тарту жұмыстары 85-90 процентке аяқталған. Мамандар техникалық шарт құжатын тезірек алып, үйлеріне газ тартуға ниетті тұрғындарды белсенді болуға шақырады.

Елорданы газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Теміржолшылар ықшамауданында көшеаралық құбыр тарту жұмыстары толық аяқталды. Өзге аудандарда жұмыстар қызып тұр.

Наурызбек Жаналаев, мердігер компанияның участке басшысы:

– Біз қазір Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашықта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Газға қосылу үшін тұрғындар алдымен техникалық шарт құжатын сосын пеш пен газ плита алуы керек. Газды әр үйдің қасына тартып, кран қойып береміз. Одан әрі қарай үйлеріне тұрғындардың өзі тартып алады. Есептегіш құралын әкімдік әр үйге тегін береді.

Үйді газдандыру үшін қажет техникалық шарт құжаттарын беру 3 апта бұрын басталды. Осы мақсатпен арнайы 3 кеңсе ашылды. Мұнда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өкілдері азаматтарды қабылдап, тұрғындарды қызықтырған кез келген сауалға жауап береді. 

Айдын Шаймерденов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ департаментінің менеджері:

– Қазіргі таңда газ жүргізу жұмысы Көктал 1, Көктал 2, Агроқалашықта 85 пайызға жұмыс бітіп жатыр. Көшеге газ тартылып бітті. Қазір қысымын тексеріп болғаннан кейін халық техникалық шарт алғаннан кейін газ беру жұмысы басталады. Және де Промышленный, Железнодорожный бойынша ол жақта жұмыс 90 пайыз бітіп тұр. Газға қосылуға қызығушылық танытқан халыққа айтарымыз, Болашақ 4/2, Жамбыл Жабаев 12/2 мекенжайларына келсеңіздер, біздің қызметкерлер бәрін түсіндіріп айтып береді.

Мамандар тұрғындарға газды пайдалану ережелерін де түсіндіріп жатыр. Көгілдір отын қолайлы болғанымен, ереже сақталмаса, қауіпті саналады. Бұл – арнайы датчик. Қауіпсіздік үшін қажет. Үйге газ тартылған соң мұны орнату міндет. Егер алда-жалда тұншықтырғыш газ үй ішіне таралып жатса, дабыл қағады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы