431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында жаз мезгілінде 1 мыңға жуық жас жұмысқа орналасқан

  • 312
  • UPD: 22:33, 26.08.2020

Олар – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында уақытша құрылысқа тартылған студенттер мен оқушылар, деп хабарлайды «Хабар 24».

20 шақты құрылыс жасағына бөлінген жастар қазір облыс бойынша 146 ұйымда еңбек етіп жүр.

Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Сұлтан Қадырбаев қазір табыс тауып, тапқанын ауылдағы үйіне жіберіп жүр. География пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп жатқан ол бүгінде қаладағы мектептердің бірін күрделі жөндеуге атсалысып келеді. Жас жігіт жазғы демалыста осындай жақсы жұмыстың табылғанына дән риза.

Сұлтан Қадырбаев, студент:

– Айлығым 100 мыңдай болады. Осы жерде құрылысшыларға көмектесіп жүремін. Мектептің ішіндегі және сыртындағы қоқыстарды жинаймыз. Жұмыс уақыты 9-дан 6-ға дейін. Дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейміз. Сенбі, жексенбі үйде өзіміздің тірлігімізді жасаймыз.

Облыс бойынша қазір Сұлтан секілді 930 жас екі қолға бір күрек тауып отыр. Олар әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарына ғана емес, жол салып, үй тұрғызуға да үлес қосып келеді.

Жеңіс Балабеков, облыстық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Сол 930 адамның ішінде тек қана оқушылар мен студенттер ғана емес, сонымен қатар жұмыссыз жүрген жастар да тұрақты негізде жұмысқа орналасып жатыр. Сондай-ақ өз мамандығы бойынша да. Жалпы осы бағытта, бағдарлама аясында әлі де жұмыстар өзінің жалғасын табады.

Тагир Салахов, құрылыс аумағының бригадирі:

– Жастардың жұмыс істеуі жаман емес. Біз де оларға бар жағдайды жасап отырмыз. Мәселен, түскі ас тегін. Студенттер бізге келесі жылы да келеді деп үміттенеміз. Себебі олар құрылысшыларға қолқанат.

Жалпы Ақмола облысында 160 мыңға жуық жас бар. Олардың қазір 1,6 проценті – жұмыссыз. Ал бұл көрсеткіш жыл санап төмендеп келеді дейді мамандар. Мәселен, былтыр 2800-ден астам жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, биыл 2600 адам екі қолға бір күрек қажет деп тиісті орындарға өтініш білдірген.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы