424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің қабырғасы қисайды

  • 178
  • UPD: 21:06, 27.08.2020

Елордада мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің қабырғасы қисайып, үстінен кірпіш құлап жатыр. Бірер күн бұрын төбеден түскен тас бірнеше көлікті зақымдады. Қазір кейінде ғана салынған үйге жөндеу керек болып тұр. Ал пәтер иелері кооперативі бұл мәселені шешуден бас тартқан.

Бұл үй 7 жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы салынды. Құрылыс компаниясы үймен бірге мансардадағы пәтерлерді коммерциялық нысан ретінде сатқан болатын. Сол пәтерлердің бірін сатып алған Артем Скуратов әлі күнге дейін үйіне кіріп, жөндеу жасай алмай отыр. Себебі 2 жыл бұрын үйдің бір қабырғасы қисайып қалған. 

Артем Скуратов, қала тұрғыны:

- Қазір мен адамдар өтетін жерден подъездегі қабырғаға дейінгі ара қашықтықты өлшеп жатырмын. Көріңіздер, қабырға 12 сантиметрге жылжып кеткен. Екеуін ешнәрсе тіреп тұрған жоқ. Бір күні бұл қабырға құлайды. Біздің подъезде 40 пәтер бар, кем дегенде 25 бала тұрып жатыр.

Тұрғын үй кешенін салған компания жөндеу жұмыстарын жүргізетін түрі жоқ. Себебі кезінде қала әкімдігі құрылысты толық қабылдап, тиісті актілерге қол қойылған.

Артем Скуратов, қала тұрғыны:

- Бұл үйдің төбесінде де ақау бар. Жаңбыр жауған сайын үйлеріміздің іші суға толады. Біз оны салған құрылыс компаниясын бірнеше рет шақырдық. Нәтиже жоқ. Өзіміз ақша жинап, төбесін жөндеттік. Енді міне қабырғасы құлайын деп тұр. Астында үнемі балалар ойнап жүреді.

Жақында аулада тұрған 3 автокөліктің үстіне кірпіштер құлаған. Бұл көлік иелері кімді кінәләрын білмейді. Сынған, майысқан есік-терезесін өздерін жөндеп алған.

Абат Шамарданов, қала тұрғыны:

- Бұның бәрі КСК-ның жұмысы. Қарап жүру керек. Действительно, мына машинаның орнына басқа бір тірі жан болса, басқа тиіп, жаралап, больницаға түсіреді, Құдай сақтасын енді.

Ал Пәтер иелері кооперативінде ешкім жоқ. Телефонны тауып хабарласып едік. Өздеріне шаң жуытар емес. 

Марат қызмет көрсетуші мекеменің шебері:

- Бұл үйдің тұрғындары мәселені тым асыра сілтеп жатыр. Мен бүгін ол жаққа бардым. Кім айтты кірпіш құлады деп? Оны ауладағы балалар сындырған шығар? Ал қабырғаны жөндеу бойынша мен ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселе мен жұмысқа кіріскенге дейін пайда болған. Әзірге ештеңе айта алмаймын. 

Амалы таусылған тұрғындар аудан әкімдігіне де жүгініп баққан. Алайда екі жыл өтті. Түйіткілдің шешімі табылған жоқ.

Еркебұлан Көшкінбай, Сарыарқа ауданы инспекциясының бөлім маманы:

- Бұл үйдің тұрғындары арнайы шот ашып, сонда қаражат жинау керек. Немесе үйді «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жөндетуге болады. Тұрғындар кездесу ұйымдастырып, осы екі жолдың бірін таңдауы керек. Қазір олар құрылыс сапасын бақылайтын басқармаға барып, өз шағымдарын жеткізуі тиіс. 

Бірақ тұрғындардың бұған келіскісі жоқ. Себебі онсызда бар жиған-тергенін салып, сатып алған. Кейбірінің несиесі бар. Сондықтан қарыздың үстіне қарыз қосып, тағы шығынданғысы келмейді. Ал мәселені шешілетін түрі көрінбейді. Ең бастысы, төбеден құлаған кірпіш балаларды басып қалмаса екен деген қауіп басым. Жазатайым біреу жарақаттанып жатса оны дәледеу де қиын. Өйткені ауладағы бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді. Ал ойын баласы бұл маңайда спорт алаңы болмаған соң осы жерді шиырлағаннан басқа амалы жоқ. 

Авторлары: Дариға Ташенова, Наурыз Базаров, Самат Әубәкір

Хабар 24 телеарнасы