424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында ауа райы егінді жинап алуға кедергі болып тұр

  • 189
  • UPD: 23:17, 27.08.2020

Қостанай облысында егін орағы қыза түсті. Бірақ кейбір диқандар күзгі жиын-терімге білек сыбана кірісе алмай отыр. Жауын-шашынға байланысты Ұзынкөл ауданы алқаптарындағы жұмыс уақытша тоқтаған. Соңғы аптада аймақта мол көлемде ылғал түсті. Танапта жатқан астық дымқыл. Сол себепті сапасы да төмендеп барады.  

Құрғақшылықтың кесірінен биыл Ұзынкөлде астық ерте пісіп-жетілді. Сәйкесінше орақ науқаны да мерзімінен бұрын басталды. Бірақ жиын-терім тоқтап тұр. Алқаптағы техника да қаңтарулы. Он күн бойы жауған жаңбыр науқанды жалғастыруға мұрша бермей жатыр.  

Олжас Ағайдаров, шаруа:

- Жауын-шашын көп түскендіктен бидай басы кеппей тұр. Сәйкесінше оның құрамындағы заттар сумен шайылып кетеді. Содан сапасы нашарлайды. Одан қалды өніп кететіні де бар. Мұндай мәселеге былтыр оңтүстік аудандар тап болды.  

Осыған байланысты элеваторлар да тыңғылықты дайындық үстінде. Ұзынкөлде астық қабылдайтын үш нысан бар. Ең ірісі Троебратный ауылында орналасқан. Ол бір жарым жыл бойы тұралап қалды. Қожайыны шығынға батып, банкрот жариялаған. Енді қалпына келтірілген нысан 60 мың тонна астық қабылдауға әзір.      

Құрманбек Қыдырбеков, элеватор директоры:

- Бидайды құрғатуға дайынбыз. Тариф бойынша қатты өзгеріс болады деп ойламаймын. Сол бұрынғы тарифтер қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта 72 адам жұмыс істеп жатыр. Лаборатория бәрі адамдарымыз дайын. 

Аудан бойынша биыл 304 мың гектарға дән егілді. Астық шығымдылығы былтырғыдай гектарынан 13 центнерден аспайтын шығар, дейді мамандар. 

Едіге Тоқбаев, Ұзынкөл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Бізде бидайдың орташа өнімділігі 20 центнерден кем болмайтын. Шілде айындағы шіліңгір ыстықтан қамбамыз тағы толмайды. Майлы дақылдар бойынша да жағдай көңіл көншітпейді. Әр гектарынан шамамен 6 центнер жинайтын түріміз бар. 

Апта соңына дейін жауын-шашын басылып, күн ашық болады дейді синоптиктер. Сол себепті ұзынкөлдік шаруаларға ауа райы жақсы болып тұрғанда ширақ қимылдауға тура келеді. Жалпы Қостанай облысының диқандары биыл 4,5 млн гектар алқаптан өнім алуды көздейді. Бүгінде оның 18 проценті қамбаға құйылған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы