420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында коронавирустың екінші толқынына дайындық жүруде

  • 150
  • UPD: 07:57, 28.08.2020

Өңірдегі медициналық мекемелер, тіпті перзентханаға дейін коронавирустан емдейтін ауруханаға айналып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлер пандемияның екінші толқынында науқастар саны әлдеқайда көп болу мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Сондықтан бұл жолы емханаларда екі есе артық төсек-орын әзірленіп, дәрі-дәрмек қоры жасақталып жатыр. 

Тараздағы қалалық перзентхана бұдан былай инфекциялық аурухана болады. Қазір мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жер 200 орындық инфекциялық стационар болып қайта жасақталуда. Жаман айтпай, жақсы жоқ! Бірақ жағдай күрделеніп, коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскен жағдайда осында жатқызылады.

Асан Айтқұлбек, мердігер:

– Су жүйесі мен кәріз жүйесі толықтай өзгереді. Жылу жүйесі толықтай ауыстырылатын болды. Жұмыстың 70 процентін бітірдік.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы туберкулезге шалдыққан науқастарды емдейтін аурухана да 43 миллион теңгеге жөнделіп жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін құрылыс жұмыстарын бітіру жоспарда.

Жайықбай Шалдаров, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Бұл жерде әр палатада өзінің әжетханасы, жуынатын, шайынатын жер болу керек. Палатаға кірген адам шықпау керек деген талаптар бар.

Дәрігерлердің болжамы бойынша пандемияның екінші кезеңінде науқас саны әлдеқайда көп болады. Оның үстіне күзгі және қысқы маусымдарда жүретін тұмау да жығылғанға жұдырық болуы мүмкін. Сондықтан қазір аймақтағы емдеу мекемелерінде 2300-ден астам төсек қоры жасақталып жатыр.

Хамит Мырзақасымов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а:

– Сол жасақталған төсек қорының 70 проценті аксигнациялық терапиямен қамтамасыз етілетін болады. Және осы жасақталған төсек қорының 15 проценті реанимациялық төсек қорымен қамтылатын болады. Біз қазіргі норматив бойынша толыққанды дайындық үстіндеміз.

Індет лап қойғанда медицинада әлі де осал тұстардың бар екендігі көрінді. Көрдік. Бірақ бұл қам-қарекетсіз отыру деген сөз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қауіпті вирустың екінші толқыны жүрген жағдайға деп жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге қарастырылған. Оған бұған дейін облыста болмаған аса қажетті қондырғылар алынатын көрінеді. 

Хамит Мырзақасымов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Екі ЭКМО аппараттары қойылатын болады. Одан басқа, облысқа қосымша 7 компьютерлік томограф алынатын болады. Бізде облыста 10 компьютерлік томограф бар. Оған қосымша 71 ИВЛ аппараты алынды. Жүз шақты көпфункционалды кереуеттер алынатын болады. Одан басқа рентген аппараттар алынады.

Жұрт жаппай ауырған тұста өкпені жасанды желдеткіш құралдар мен оттегі жетіспей жатқан жағдайды да көз көріп, құлақ естіді. Осы мәселені шешу үшін облыстағы ең ірі төрт емдеу мекемесіне оттегі станциялары қойылмақ. Сонымен қатар қазір облыстағы барлық емхана мен ауруханаларда дәрі-дәрмектердің үш айлық қоры әзірленіп жатыр. Ал инфекциялық және провизорлық госпитальдарда жұмыс істеген және жаңадан қабылданған медициналық мамандар коронавирустық инфекция мен пневмонияны диагностикалау, емдеу бойынша арнайы оқу курстарынан өткізіліп жатыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы