429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Мектепке жол» акциясы бойынша 25 млн теңгеге тауар сатып алынды

  • 218
  • UPD: 08:18, 28.08.2020

Биылғы жаңа оқу жылында батысқазақстандық 110 мың оқушы мектеп қабырғасында білім алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 12 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отыр. Өңірде «Мектепке жол» шарасының басталғанына біраз уақыт болды. Көп балалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп ұжымымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар да көмектесіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысындағы 30 мыңға жуық оқушы жаңа оқу жылында кезекші сыныптарда білім алады. Бұлар 1 мен 4-сынып аралығындағылар. Оларға әрине мектеп сөмкесі мен спорт костюмдері қажет. «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында болған көп балалы отбасыларға жергілікті кәсіпкерлер жәрдемдеседі.

Сержан Идиятов, кәсіпкер:

– Cыйлықтарымыз бар, соны сыйлап, қолдарына беріп жатырмыз. Сыйлықтар сапалы.

Бір ай бұрын зайыбы қайтыс болған Ержігіт Хайрашевтың 7 баласы бар. Бесеуі мектеп жасында. Ең кішісі жасқа толмаған. Оралдағы қайырымды жандар ақша жинап, несиесін жауып, бұл отбасына үй алып берді. Мектеп ұжымы бүгін өз оқушыларына сыйлық жасауды ұйғарыпты.

Ержігіт Хайрашев, қала тұрғыны:

– Үлкенім 8 оқиды, содан кейінгі балам мектепке баратын, ол 4 оқиды. Егіз қызым екінші сыныпқа барады. Содан кейінгі кенже 1 сыныпқа барады. Барлығыңызға көп-көп рақмет! Ұжымдар да көмектесіп жатыр. Үй алып беріп жатыр енді.

Салтанат Мұратова, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Жаңа оқу кезеңіне дайындық барысында білім беру саласындағы заңнамалық актілерге сәйкес осы көмекті қажет ететін балаларды материалдық қамтамасыз ету болып табылады. Күні бүгін қала мектептері 3 мыңнан астам әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасы балаларын оқу құралдарымен және киім-кешектермен қамтыды.

Өңірде жүзеге асып жатқан «Мектепке жол» шарасы барысында 25 миллион теңгеге тауар сатып алынды. Облыс аумағындағы 28 мыңдай отбасы қашықтан оқытуға қажетті компьютерлермен қамтамасыз етіледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Болат Жарылғасов, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы