420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Шар қаласында жаңа нысан бой көтеруде

  • 208
  • UPD: 22:49, 28.08.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы халыққа арнаған жолдауында елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартып, спорт нысандарын қолжетімді ету жөнінде тапсырмалар берген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты ШҚО-ға қарасты Шар қаласында бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Көпбалалы отбасылар баспанамен қамтылып, шаһарды абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Қалалық аурухана да жөндеуден өтіп, қыркүйек айында жаңа спорт кешенін ашу жоспарланып отыр.

10 мыңға жуық халқы бар Шар қаласында бұрын спорт кешені жоқ еді. Жастар жаттығу үшін мектеп пен мәдениет үйін жағалайтын. Енді, міне, облыстық бюджеттен 210 млн теңге бөлініп, жаңа нысан бой көтеруде. Мұнда шағын футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес сияқты үйірмелерге жол ашылған. Президент былтырғы Жолдауында спортпен айналысу үшін халыққа қолжетімді жағдай жасау керектігін баса айтқан.

Ержан Жадырин, құрылыс шебері:

- Тапсырыс берген құрылыс материалдары кешігіп келгендіктен, сондай қиыншылықтар туындады. Соған қарамастан, бұл спорт кешенін тамыз айында уақытылы тапсырамыз деп ойлаймыз. Осы спорт кешенін тапсырып, Шар қаласының халқын қуантсақ екен дейміз. Осында жастар келіп, спортпен шұғылданып, болашақта денсаулықтары мықты болып, әлем чемпиондары шығады деп үміттенеміз.

25 төсектік қалалық аурухана ғимараты да көптен жөндеу көрмеген еді. Ал індет өршіген маусым, шілде айларында мұнда қосымша 50 төсек жұмыс істеді. Сондықтан қазір күзде болуы мүмкін жұқпалы дерттің екінші толқынына қам жасалуда. Ол үшін науқастарды бөлек-бөлек қабылдайтын палаталар әзірленіп жатыр.

Айбек Қарсақбаев, Шар қалалық ауруханасының бас дәрігері:

- Сол ғимараттардың төбелерін жауып, жөндеу жүргізуге биыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан 49 млн ақша бөлініп, сол ғимараттардың ішінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның індет кезінде өте көмегі көп болды.

Президент өткен жылғы Жолдауында баспанамен қамту мәселесіне де терең мән беріп, әсіресе көпбалалы аналарды назардан тыс қалдырмау жайын тапсырған еді. Шар қаласында бұл міндет те лайықты орындалып жатыр.

Әсем Оралова, көпбалалы ана:

- Жақында көпбалалы ана ретінде баспанаға ие болдым. Тағы да үйлер салынып жатыр. Еліміздің дамып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Біздің көшемізге жарық қосты. Қабанбай көшесіне жол салынып жатыр.

Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі:

- Шар қаласында орындауға тиіс жұмыстар көп. Биыл жазда футбол, қыста хоккей ойнайтын алаң жасағалы жатырмыз. Осындай жұмыстарды алға қойып, соның бәрін Шарға да, Қалбатауға да, Әуезов кентіне де енгізу керек.

Шағын қалада жолдар жөнделіп, ауызсу құбырларын ағымдағы жөндеуден өткізу жобалары да жүзеге асып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы