420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Damumed: Деректердің қателігі – адами фактор

  • 174
  • UPD: 20:18, 28.08.2020

Алматылық тұрғын кімге шағынарын білмейді. Аурухана қызметкерлері маңына жуытар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, «Даму» ақпараттық технологиялар орталығының мамандары кінәні дәрігерлерге аударып отыр. 

Дәл осы Damumed бұған дейін де сау адамды ауру қылып, емханаға келмеген адамды «емделді» деп жазып, елді бір шулатқан еді. Бірақ былық мұнымен де бітпеген екен.

Әзір ана атана қоймаған Гүлім Әмірханова Damumed қосымшасындағы деректер базасы бойынша «4 жасар қыздың анасы» болып шыға келді. Қызығы сол, бүлдіршін мен оның отбасына қатысты жеке мәліметтері де алматылық үшін қолжетімді болып қалды. «Тегіміз ғана ұқсас, бірақ профайлыма өзгенің баласын бекітіп қойған», дейді шағымданушы.

Гүлім Әмірханова, қала тұрғыны:

- Кешіріңіз, бұл деректер базасы шай ішуді жақсы көретін адамдардың ермегі емес. Бұл әр адамның жеке басына қатысты құпия мәліметтері сақталған және заңмен қорғалған құжат. Ақпараттық қауіпсіздікті дамыту керек деп айта бергеннен пайда аз. Дәрігерлерге ағаттықтары туралы айтқанымда, олар маған: «онда тұрған ештеңе жоқ, кез келген адам қателеседі ғой» деп жауап қатты.

Сонда Damumed қосымшасындағы деректер базасына кім жауапты? Реестрге деректі тексермей енгізетін дәрігерлер ме? Әлде бағдарламада техникалық ақау бар ма? «Даму» ақпараттық технологиялар орталығының мамандары да өздеріне шаң жуытпайды.

Талғат Елеманов, «Даму» ақпараттық технологиялар орталығы бақылау кеңесінің төрағасы:

- Дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді кінәлаудан аулақпын. Бірақ менің ойымша, бұл жерде адами факторға, яғни механикалық қателікке жол берілген. Біз деректер базасындағы ақпараттық өзгерістер мен толықтыруларға қол сұға алмаймыз. Тек жүйенің техникалық жұмысына жауап береміз. Тегін мобильдік қосымшаның интерфейсі қолданушыларға әлде де қолайлы болу үшін келер айда жаңартылады.

Талғат Елемановтың айтуынша, емделушінің деректерін тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген медициналық ұйымның қызметкерлері енгізеді. Егер қосымшаны қолданушы азамат өзі туралы бұрыс ақпаратты байқаса, дереу «Даму» қорының қолдау қызметіне немесе жергілікті ауруханаға хабарласуы керек. Ал, Гүлім Әмірхановаға Алматы қаласының №4 ауруханасының басшылығы ресми жауап беруден бас тартқан.

Айта кеткен жөн, Damumed қосымшасы 2016 жылы жұмыс істей бастады. Сол уақыттан бері мобильдік бағдарламаны 3 млн адам жүктеген.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы