426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында бос жатқан 42400 гектар жер телімі мемлекет меншігіне өтті

  • 188
  • UPD: 22:06, 28.08.2020

Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп келе жатқан басты проблема – жайылым мен шабындық жерлердің тапшылығы.

Бір кездері мемлекеттен тегін жер алған жандардың кейбірі оны ұқсата алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді сол бос жатқан жерлерді қайтарып алу керек. «Жер – баршаға ортақ байлық. Бірақ ол тек жұмыс істейтіндерге ғана тиісілі болуы керек», - деген еді Президент.

Қазір осы мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Атырау облысында бұл бағытта пәрменді іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Өткен бір жылда кәдеге аспай бос жатқан 42 мың 400 гектар жер телімі мемлекет меншігіне өтті.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Құрманбек Жаңабаевтың шаруа қожылығы өз өнімдерімен облысқа кеңінен танымал. Қазір мұнда 600 астам мүйізді ірі қара мен 2 мыңдай қой бар. Шаруашылық тауарлы сүт фермасына негізделген. Бүгінде 200 бас сиыр сауылады, келешекте өндірісті ұлғайту ойда бар. «Тек өріс тарлық етіп тұр», - дейді шаруалар.

Құрманбек Жаңабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мал басын мыңға да жеткізуге болады. Тек бізде тек жер мәселесі жетіспей тұр. Айналдырған 3,5 мың гектар жер бар. Жылқы бар, түйелеріміз бар, қойымыз бар, жер жетіспей жатыр кішкене. Қазір қай шаруашалыққа барсаңыз да, осы бір мәселе.

Атырау облысында ауыл шаруашылығына тиесілі 10 млн гектарға тарта жер бар. Кезіндегі кеңшарлардың ізімен құрылған шаруашылықтар бұрынғы қыстаулары мен жайлауларын сақтап қалды. Ал кейін кәсіп бастағандар жерден таршылық көріп келеді. Себебі, бос жер телімі жоқ. Барлығы бір кездегі жекешелендірудің желеуімен өзгенің қолына өтіп кеткен. Өкініштісі сол, қараусыз қалған жер телімдері бос жатыр.

Әлібек Ермекқали, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Жалпы екі жылдың ішінде 65 мың гектар анықталып, оның ішінде 51 мың гектары мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Кодекс талабына сәйкес міндетті түрде нұсқама беріледі. 1 жылдың ішінде ол нұсқама орындалмаса, әрі қарай сотқа жүгінеміз.

Қайтарылған жерлер біртіндеп иесін таба бастаған. Былтыр 420 шаруашылыққа 3 мың гектар жер берілді. Биыл тағы 72 шаруашылықтың ұсынысы қанағаттандырылмақ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы