426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісайлық кәсіпкер сабын шығарып, жергілікті халықты отандық өніммен қамтып отыр

  • 620
  • UPD: 19:39, 29.08.2020

Эльмира Жалтеева былтыр «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде білім алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

505 мың теңге көлемінде грантқа да ие болды. Сөйтіп өз кәсібін ашқан еді. Қазір көрші аудандардан да тапсырыс қабылдайды.

Көпбалалы келіншек көптен бері өз кәсібін ашуды армандаған. Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту бөліміне барып, жұмыссыз ретінде тіркелген. Сөйтіп мемлекеттік бағдарламамен оқып, 505 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Ол қаржыға сабынның аты жазылған сыртқы қабын жасатады. Қалғанына шикізат сатып алады. Енді сабын шығаратын аппарат керек. Қолдағы қаржы жеткіліксіз. Алайда мұның шешімін жолдасы тауыпты.

Эльмира Жалтеева, кәсіпкер:

- Бір өнімді шығарайық дедік. Қара жұмыс болса да халал болсын дедік. Интернеттен жарнамасын көріп қалдық. Бір бала сабын шығаратын қалыпты сатамын деген. Өзім үйретемін деді. Сонымен астымыздағы көлігімізді сатып, Шымкент пен Алматыдан затымызды алдырып, бастадық. Бейнеті өте ауыр. Бірақ пайдасы бар, жаман емес.

Кір сабын шығару үшін көп заттың қажеті жоқ екен. Тоңмай мен күнделікті тамақ пісіретін ақ майдың қалдығы болса болғаны. Оған ас содасын қосып, араластырады. Одан кейін үлкен ыдысқа салып, қайнатады. Қоймалжың затты аппаратқа салып, макарон тәрізді етіп шығарады. Бір күн тұрып кепкеннен кейін қайтадан аппаратқа салып, 70 градус ыстыққа дейін қыздырады. Әбден бабына келгенде қалыпқа салып, дайын өнім шығарады. Әзірге мұнда сабынның үш түрі шығарылады. Бағасы 40 пен 80 теңгенің аралығында.  

Эльмира Жалтеева, кәсіпкер:

– Дайын сабынды қызып тұрған кезінде мөр басамыз. Мысалы 150 гр-ның да өзінің мөрі, 300 гр-ның да өзінің бөлек мөрі болады. Соны басып, ол бір күн тұрады. Бір күннен кейін қатқан дайын өнімді қорапқа салып, жеткізетін жеріне жеткіземіз.

Бүгінде жеке кәсіпкер Жетісай және Мақтаарал аудандарының тұтынушыларын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта Шымкент қаласы мен Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарынан да тапсырыс қабылдауға әрекет етуде. Өйткені сапалы өнімге сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қазір шағын цехта 2 адам жұмыс істейді. Олар бір аптада 1 тонна сабын шығарады. Келешекте кәсіпкер келіншек кір сабынның ұнтағын шығаруды көздеп отыр. Жалпы Жетісайда Эльмира сияқты өз кәсібін ашқысы келетін қыз-келіншектердің қатары артып келеді.

Жұмағали Төреқұл, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Қыз-келіншектер көбіне маникюр, шаштараз, әсемдік салоны, тігінші кәсіптерін ашады. Ер азаматтар дәнекерлеуші, орындықтың тысын тігетін орталықтар ашып, осындай жобалар жүзеге асуда.    

Өткен жылы Жетісай ауданында 780 адам мемлекеттік грант ұтып алып, өз кәсібін ашса, биыл 560 адам мемлекеттік грантқа ие болған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы