426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының емдеу мекемелеріне 30 санитарлық автокөлік берілді

  • 197
  • UPD: 20:00, 29.08.2020

Осыған байланысты 184 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа техника енді шалғай мекендердегі тұрғындардың жолын қысқартып, ақ халаттылардың қолын ұзарта түспек. Жалпы қауіпті дертке қарсы күресте өңірдегі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жаңартуға айрықша мән беріліп келеді. 

Жақын арада осы су жаңа көліктер облыс жолдарында жүйткиді. Отыз санитарлық көлік аудан-қалаларға үлестіріледі. Соның бірі Науырзым ауданына жол тартпақ. Бүгінде жергілікті автопарк 90 процентке ескіріпті. 

Гүлжихан Сәтмағамбетова, Науырзым аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Бізге берілген көліктерді учаскелер бойынша бөлдік. Аудан қарамағында сегіз учаске бар. Төртеуі су жаңа техникамен толықты. Осылайша біздің парк 50 процентке жаңарып отыр.

Дәрігерлерге жаңа көлік кілттері биыл алғаш рет беріліп жатқан жоқ. Сәуір айында аудан-қалалар 80-ге жуық «УАЗ» маркілі темір тұлпармен толықты. Аталған модельге таңдау кездейсоқ түспеді. Көліктің жүрістік бөлігі мықты болғандықтан, кез келген кедергіні оңай бағындырады. Демек шалғайдағы тұрғындарға медициналық көмек дер кезінде жетеді деген сөз.

Сырлыбек Месжанов, Қостанай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Осы күнге дейін 5 автокөлікпен толықтық. Оларды шалғай ауылдар бойынша үлестірдік. Осылайша Надеждинка, Озёрное елді мекендерінің автопаркі жаңартылды. Тағы екі техника Октябрь және Заречный дәрігерлік амбулаториясына беріледі.

Жедел жәрдем қызметі үшін аймақ бойынша отандық өндірістен шыққан 50 реанимобиль сатып алу көзделген. Оған 2,2 млрд теңге жұмсалады. Мұның сыртында медициналық құрылғылар, залалсыздандыру заттарын сатып алуға осындай көлемде қаражат бөлінеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы