424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жүк көліктеріне екі күнде 4 млн теңге айыппұл салынған

  • 140
  • UPD: 23:09, 29.08.2020

Қарағанды облысының жылжымалы көлік инспекциясы екі күнде 29 заңбұзушылықты анықтап, 4 миллион теңгеге айыппұл салған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе шамадан тыс жүк артатындар көп. Бұл көбіне Қытайдан шығатын ауыр көліктерге қатысты жайт. Енді мамандар мұндай техникаларды нарықтан ығыстыруды мақсат етіп отыр. Оны қалай жүзеге асырмақ?

Әкімшілік құқық бұзып, артық жүк артқанын жақсы біледі бұл жүргізуші. Бірақ «білмедім, көрмедім» дегенді жөн көреді. Ережені білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Инспектордың планшеті салық органдарымен біріктірілген. Қазір шамадан тыс артық жүк артқан көлік кімге тиесілі екені анықталып, бизнестің ірі не шағындығына қарай 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Әсіресе мына Қытайдың «SHACMAN» маркалы көлігі – тас жолдың таза жауы. Себебі салмағы – 25 тонна. Оған қоса тағы 40 тоннаға жуық жүк артып алады. Салдарынан жаңа төселген асфальт езіліп, аз уақытта жарамсыз күйге түседі. Сондықтан мамандар оны нарықтан ығыстырып, кен орындарына жіберуді мақсат етіп қойған.

Дастан Жұмақұлов, облыстық көлік бақылау инспекциясы  басшысының орынбасары:

– Мемлекеттік сатып алу кезінде, бұған жол бермеу үшін рұқсат етілген параметрден асып кететін көлік құралдарына жұмыс істеуге рұқсат бермеу деген ұсыныс жасап отырмыз.

Тоғызқұдық ауылының жолы өткен жылы жарты миллиард теңгеге жөнделген еді. Ауыл маңынан ашылған екі бірдей кеніштен көмір артқан көп тонналық көліктер жолды әлден ақ тас-талқан етіпті. Сондықтан мамандар стационар бекеттер керек дейді. Оның бағасы да арзан емес, 200 млн теңге шамасында. Бірақ жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері құрылғы өзін тез ақтайтынына сенімді.  

Олжас Бурханов, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі:

– Көлік инспекциясында штаттық қызметкерлер саны да аз, техника да жеткіліксіз. Олар бақылау жүргізген жерден бір-біріне жедел ақпарат жіберіп, жүк көліктері өтпейді де. Сондықтан көлік салмағын қашықтықтан өлшейтін бекеттер орнату керек. Біз бұл ұсынысты облыс әкіміне жеткізетін боламыз.  

Қарағанды облысындағы жолдың жалпы ұзындығы 12 мың шақырымнан асып жығылады. Ал онда жылжымалы көлікті бақылауға арналған жалғыз осындай арнайы техника бар. Сондықтан биыл бұл мақсатта 70 млн теңге қаржы бөлініп, тағы екі жабдықталған көлік сатып алу жоспары бар. Нәтижесінде бақылау ауқымы көбейіп, талапты бұзғандарға қатысты шара күшейтілмек.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы