426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда 90 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болды

  • 262
  • UPD: 15:49, 30.08.2020
Таразда 90 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болды фото: egemen.kz

Ата заң күніне орай тұрғындарға үй кілттері салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Табалдырықты бірінші болып ұзақ жылдан бері кезекте тұрған отбасылар аттады. Жұрт қоныс тойын тойлап, шашу шашылды. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлер «Арай 2» ықшам ауданнан берілді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- 90 пәтердің 20%-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөсіпірімдерге берілді. Жәнібек Байтұрсынов деген мына жігіт осы санатқа кіреді. Ол тағдырдың тауқыметімен 2008 жылы балалар үйіне түсіп, сол жерде тәрбиленген. 9 жыл бұрын мемлекет жеткіншекті пәтер кезегіне тіркепті. Осы жылдар аралығында ол ер жетіп, шаңырақ көтерді. Отбасымен біраз жыл пәтер жалдап, амалдап келген. Бүгін міне, ел алдында еңсесін тіктеп сөз сөйлеп, аңсап жеткен үйінің кілтін алды.

Жәнібек Байтұрсынов, қала тұрғыны:

- Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті бізге хабарласып, «сендер баспаналы болдыңдар» деген кезде әйелім екеуміздің көзімізге жас келіп, жылап жібере жаздадық. Құдай қаласа, осындай баспаналар біз сияқты жетім балаларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мұқтаж жандарға осылай бұйыра берсін! Баспаналы болсын!

Қоныс тойындардың қатарында осал топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскерилер де бар. Бұл оларға Конституция күні жасалған тосынсый болды. Биыл облыс орталығында тағы 54 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді.

Ғазиз Ералиев, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

- 10 тұрғын үй көтеріліп отыр. Және 44 үй оның ішінде 22-сі кредиттік осы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында. Және 22 үй ол арендалық. Ол жерде 958 пәтер болады. Ол тек қана кезекте тұрған азаматтарға беріледі.

Қазір Тараз қаласында 19 мың адам пәтер кезегіне тіркелген. Ал, жыл соңына дейін жалпы саны 3 мыңға тарта үй салынып, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы