429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде жас мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады

  • 222
  • UPD: 18:22, 30.08.2020

Мереке қарсаңында өткен салтанатты шараның биылғы ерекшелігі – Конституциямен қатар мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заңнаманың да 25 жылдығы.

Айтулы күні өскелең ұрпаққа өнеге болар аға буын өкілдері де аталып өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адал еңбегімен он жылдан астам оң жетістіктерге жетіп жүрген азаматтар «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Заңгер мамандығы бойынша білім алған Есет Лекеров жоғары оқу орнын тәмәмдағаннан кейін жекеменшік серіктестіктердің бірінде еңбек еткен. Алайда, кәсіби біліктілігін шыңдап, жаңа ілімге ізденіс болар орынның мемлекеттік қызметте екендігін жақсы түсінген. Сондықтан облыстық мемлекеттік кірістер басқармасында үш ай бойы тәжірибеден өтіпті. Тиісті емтихан тапсырған соң мемлекеттік қызметкердің антын салтанатты түрді қабылдауды жөн көрген.

Есет Лекеров, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы:

- Үш ай тәжірибеден өттім басында. Жұмыс істейтін орным негізі мемлекеттік кірістер департаментінің экспорттық бақылау, импорт пен экспортты тексереміз. Қазіргі қоғам жасампаз, мақсаттарына жетуді көздейтін жастарды талап етеді. Сол үшін өз білімімді, күш-қайратымды Отан алдында абыройлы, адал қызмет еткім келеді.

Бүгінгі жас мамандардың барлығы тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен өрендер. Егеменді елде білім алып, халыққа қызмет етуге бет бұрған. Бұл бағытта бағдар болар аға буын өкілдері де жиында болды. Он жылдан астам мемлекеттік қызметте тер төккен тәжірибелі мамандарға «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.

Рафхат Бисенов, облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

- Биыл осы төсбелгі осы облыс бойынша үздік деп танылған 7 азаматқа табысталды. Оның арасында аудандық деңгейде, облыстық деңгейде он жылдан бері мемлекеттік қызмет саласында табысты қызмет етіп келе жатқан тұлғалар бар.

Мемлекеттік аппараттың негізгі құрамын жаңғырту жұмыстары жыл сайынғы үрдіске айналған. Жоғары білімді жастарға мүмкіндік мол. Мәселен Ақтөбе облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер болса, олардың 1100-ге жуығы 30 жасқа дейінгі мамандар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы