420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық коллекционер ескі көліктерді жөндеп, су жаңа қалпына келтіреді

  • 182
  • UPD: 18:23, 30.08.2020

Нұр-Сұлтан қаласында ескі көліктерді жөндеп, су жаңа қалпына келтіретін коллекционер тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол негізінен Кеңес дәуірінде шыққан темір тұлпарларды жинайды. Арнамыздың түсірілім тобы ерекше хобби иесімен кездесіп, ескі көліктердің тарихын біліп қайтты.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Бұл запорожец 1987 жылғы машина. Бірақ шамалы ғана жүрілген. Ішіне отырып қарап көрсек, су жаңа машина. Жақсы сақталған.

Сүйіндік Төрегелдиев көне көлік болса да, көп ескірмегенін іздейді. Әйтпесе, темір тұлпарды қайта жарақтап, жөнге келтіру оңай іс емес. Қаржы ғана емес, қажырлықты да керек етеді.

Сүйіндік Төрегелдиев, коллекционер:

- Бұндай жақсы машина бірден табылмайды. Kolesa.kz-ке кірсек, «Шестерканы» қарасақ, онда 600 көлік шығады. 600 көліктің ішінде дұрысын табалмайды адам. Біреуі қисық, сынған бұзылған. Жақсысын табу үшін уақыт керек. Көңіл керек. Жаныңды беру керек.

Мұндағы әр көлік әр заманнан сыр шертеді. Кейіпкеріміз бірін көріп, балалық шағын еске алса, енді бірі бозбала күнін есіне түсіретінін айтады.

Сүйіндік Төрегелдиев, коллекционер:

- Менде коллекцияда тұрған машиналардың барлығы әке-шешемде болған. Бірінші «Москвич» болды. Бірақ мұндай сары емес, ақ түсті болды. Сонымен, ауылға барушы едік. Сұп-суық машинаның ішінде. Есте қалғаннан кейін соны алдым. Одан кейін  «Жигули» болды сонымен де жүрдік.

Сүйіндік Төрегелдиев коллекция жинауды жасыл «Жигулиден» бастапты. 1975 жылы зауыттан шыққан көлікпен кейіпкеріміз бірнеше жыл жүрген. Кейін оның қатарына қара волга қосылды. Осылайша, Қазақстанның әр өңірінен әкелінген көліктер шаң басқан гараждың көркіне айналды.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Бұл Қостанайдан келген қара «Волга». Алғашқы иелеріне көлік інісінен естелік ретінде берілген. 1998 жылы зауыттан шыққан «Волга» су жаңа қалпында тұр. Оның қазіргі нарықтағы құны 6 миллион теңге.

Кейіпкеріміз көлік санын әлде де көбейте бермек. Оларды шыққан жылына қарай бөліп жинауды да жоспарлап қойған.

Сүйіндік Төрегелдиев, коллекционер:

- 80-ші жыл бөлек, 90-шы жыл бөлек машиналарды қою ойымда бар. «Волга» бар, «Семерка» бар, кішкене тоқсанға жақын да, оларды бөлек қойып, 80-ші жылдарға 24-ші «Волга» қарастырдым. Шешенстанда тұр бір машина. Соны ойлап отырмын. Қазір бағасына келісіп жатырмыз. Сосын «Шестерка» алып, осы жағын бөлек, екінші жағын бөлек қояйын деп отырмын.

Кейіпкеріміздің бай мұрасы бұл ғана емес. Бұл жерден Кеңес Одағы кезінде шыққан мотоциклді де көресіз. Көне чемодандар, мүсіндер тіпті күміс ақшаның да неше атасы бар.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерлан Науырызбаев

Хабар 24 телеарнасы