420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ауыл – ел бесігі» жобасымен аймақтардағы ауылдардың ажары кірді

  • 440
  • UPD: 21:42, 30.08.2020

«Ауыл - ел бесігі» жобасы Түркістан, Қызылорда және Маңғыстау өңіріндегі ауылдардың ажарын ашты. Бүгінде оңтүстік аймақтағы 614 ауылдың халқы мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп отыр.

Қызылорда облысындағы 13 елді мекенде 52 жоба жүзеге асып, 130 адам жұмыспен қамтылды. Ал Маңғыстауда 4 ауылдық елді мекенде әлеуметтік кешендер бой көтеріп, 70 шақырымнан астам көлік жолы жөнделді. 

Былтыр Түркістан өңіріндегі 7 ауылдық округте 95 жоба жүзеге асты. Соның ішінде жалпы ұзындығы 100 шақырымнан асатын көшеге асфальт төселді. 16 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл 31 елді мекенде құны 13 млрд теңгеге бағаланған 328 жоба жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін бір мектеп салынып, тағы 12 білім беру нысаны қалпына келтіріледі. Сондай-ақ медициналық, мәдени және спорт ғимаратын жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. 

Арман Абдулаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Келесі жылға да біз өзіміздің өтінішімізді бердік ұлттық экономика министрлігіне. Бұл жоба нәтижелі жемісін беріп жатыр деп айтсақ қателеспейміз. Себебі көптеген елді мекендер осы бағдарламаның аясында көріктеніп, көшелер асфальттандырылып, жарықтанып, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру ынсандарының барлығы жөндеуден өтіп, ауылдың көркі кіріп жатыр.

Биыл Қызылорда облысында «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыруға 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл қаржыға екі елді мекенге су құбырын тартып, 2 мектеп, спорт кешені және клуб ғимаратын тұрғызу көзделген. Бұдан өзге төрт мектеп пен 32 көше жолын жөндеп, жарықтандыру жоспарда тұр. Мәселен, Ақсуат ауылдық округіндегі білім беру нысанына 40 жылдан кейін бірінші рет күрделі жөндеу жасалып жатыр. Жол мәселесі де шешімін тапты.

Мәмбетәлі Ақмырзаев, Ақсуат ауылдық округінің әкімі:

- Жаңадан қоныстанушы тұрғындарға жол мәселесі қинап жүрген бұрыннан. Қыстың күндері батпақтан жүре алмайды, сол жол мәселесі бойынша бізде биыл «Ауыл ел бесігі бағдарламасымен» республикалық бюджеттен 470 млн теңге ақша бөлінді. Сол 470 млнға 16 көшеніңе 7 көшесіне асфальт, қалған көшелерге қиыршық тас төсейміз деп жоспарлағанбыз. Сол ақшаға қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Былтыр Маңғыстау өңірінде үш елді мекенде жалпы құны 1,1 млрд теңгелік 25 жоба жүзеге асты. Нәтижесінде Шетпе ауылында орталық кітапхана құрылысы басталып, бір мектеп, мәдениет үйі мен жастар орталығына жөндеу жасалды. Ал Маңғыстау ауылында көшелерге жарық тартылып,  көлік жолы қалпына келтірілді.

Мая Әбдіғұлова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

- Өткен жылы Бейнеу ауылындағы үш көшеге газ құбыры тартылды. Сондай-ақ селоішілік 15 шақырым автокөлік жолына жөндеу жасалды. Шетпе ауылында салынып жатқан орталық кітапхана ғимаратының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Биыл өңірде 34 жоба қолға алынды. Осы мақсатқа қазынадан 3,9 млрд теңге бөлінді. Оның 1,7 млрд теңгесі игерілді. Қазір бес әлеуметтік нысан құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 47,4 шақырымдық көлік жолына орташа жөндеу жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы