420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдағы Солнечный-2 ықшам ауданының тұрғындары үй шатырының сапасына шағымданды

  • 166
  • UPD: 10:03, 31.08.2020

Петропавлдағы Солнечный-2 ықшам ауданындағы үйлердің мұңы таусылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тұрғындар жаңа баспаналардың төбесі дұрыс жабылмаған деген уәж айтады. Яғни шатырдағы тақтайлардың арасы ашық. Қалыңдығы да күмән тудырады. Шала істелген жұмыстағы кем-кетікті өздері жамап жатқан көрінеді.

Айта айта жауыр болған мәселе. Айтпасқа тағы болмайды. Жаңа үйлердің сиқы мынау: төбедегі тақтайлардың арасы бір қарыс. Амалы қалмаған адамдар оны өздері жабуға кіріскен. Өйткені күздің қара суығы келе жатыр.  

Алмас Бейсенбаев, Солнечный – 2 ықшам ауданындағы тұрғын:

– 5 см, үш қабатты мақта жатыр.Ол 15-20 см болу керек. Сапасы төмен.

«Сапасы өте төмен» деп әкімдік қызметкерлеріне жеткіздік. Алайда алаңдап отырған олар жоқ. Ағаштардың ауытқуын былай түсіндірді.

Нұрболат Мұжықенов, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы  бөлімі басшысы орынбасарының м.а:

– Сүректің кебетін коэффиценті бар. Кез-келген ағаш кеуіп, кішірейіп қалады. Ал жабынды ауа өткізбейді. Төбеге мініп, бәрін басып тастаған өздері. Мінбеу керек еді.

Тағы бір мәселе, үйлер толық нөмірленбеген. Тұрғындар интернет тарта алмай отыр. Қыркүйекте балаларымызды қашықтан қалай оқытамыз деп ата – аналар алаң.

Ербол Оразов, Солнечный – 2 ықшам ауданының тұрғыны:

– Үй тапсырмасын тегенге шығып аламыз. Оны орындаған соң тағы да солай жібереміз. Байланыс жоқ. Ешкім хабарласа алмайды. Қалада тұрсақ та, жағдайымыз осы.

Бұл үйлердің мекенжайы құжаттар рәсімделген соң белгіленбек. Қазір мұнда 40 ғана отбасы тұрады. Қалған баспаналар бос тұр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов Петропавл

Хабар 24 телеарнасы