429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаулық кәсіпкерлер көкөністен мол өнім алып жатыр

  • 278
  • UPD: 10:10, 31.08.2020

Маңғыстау облысының ең шалғай ауданы Бейнеуде көкөніс отырғызуды қолға алған кәсіпкерлер мол өнім жинап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елді мекен тарихында алғаш рет фермерлер ашық алаңға дәнді дақыл егуді былтырдан бастап қолға алған еді. Қазірдің өзінде екі бірдей шаруа қожалығы 230 тонна қияр-қызанақ алып отыр. Бұдан бөлек, екі жылыжай кешені жыл соңына дейін 50 тоннадай көкөніс береді деп күтілуде. Әр шаруашылық басында он шақты ауыл азаматы жұмыс жасап жүр.

Жас кәсіпкер Демеу Таңатаров былтыр үй ауласынан өз қаржысына көлемі 0,2 гектар жылыжай кешенін тұрғызды. Биыл қияр егіп, 20 тонна өнім алыпты. Енді 5000 мың түп қызанақ көшетін өсіре бастады. Алдымен оның дәндері арнайы құтыларға отырғызылады. Жасыл желегі бір айдан аса уақытта жайқалып шыққан. Олар енді жылыжайдың әр текше метріне 25-28 данадан орналастырылады.

Демеу Таңатаров, жеке кәсіпкер:

– Осының алдында 7 мың дана қияр еккенбіз. Биыл қызанақ егуді бастап жатырмыз. Жоспарда 20-25 тонна өнім алу бар. Бұл шаруашылықта ауылымыздың 5-6 адамы жұмыста жүр. Болашақта жылыжайды кеңейту жоспарымызда бар, өнімі де көп болады деп ойлаймыз.

Рас, жабық кешенде қысы-жазы көкөніс егуге болады. Ал ашық даладағы шаруашылықтар маусымдық жұмыс жасайды. Есесіне, жылыжайдан бірнеше есе көп өнім аламыз дейді бейнеулік фермерлер. Былтыр егіс алқаптарына егілген қырыққабат, қауын-қарбыз, қияр мен қызанақтан 210 тонна өнім теріліп алынған. 

2012 жылы Бейнеу ауданында қияр егетін бір ғана жеке шаруа қожалығы болды. Соңғы жылдары олардың қатарына тағы үш шаруа қожалығы қосылды. Осының арқасында аудан тарихында алғаш рет қауын, қарбыз тағы да басқа дәнді көкөніс дақылдары егіле бастады. Бір ғана жеке шаруа қожалығы былтыр 182 тонна өнім жинаса, биыл бұл көрсеткішті 200 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Нұрлан Мешітбаев, «Бейнеу аудандық кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария» ММ бас маманы:

– 2018 жылдан бастап кәсіпкерлер ашық егістік алаңдарына еге бастады. Халықтың ынтасы жоғары. Ішкі сұранысты 50 пайызға жауып тұр. Су мәселесіне келетін болсақ, бізде су трассасы бар. Еділден келіп тұр. Содан «Назар» шаруа қожалығы алып отыр. Осы шаруашылық та алып отыр.

Маңғыстау өңіріне азық-түліктің 80 проценті сырттан тасымалданады. Осы тәуелділіктен Бейнеу ауданы біртіндеп арылып келеді деуге негіз бар. Өйткені, өз жерінде өсіп шыққан көкөніске халықтың сұранысы жоғары. Бағасына келсек, мұнда қияр-қызанақтың бір келісі 200 теңге тұрады. Базарларда қарбыз 100, ал қауынның келісі 150 теңгеден сатылып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Александр Убейкин

Хабар 24 телеарнасы