429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында бірқатар нысанның жұмысы жанданады

  • 305
  • UPD: 17:55, 31.08.2020

Атырау облысында өңірдің Бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, шектеу шаралары 14 қыркүйекке дейін ұзартылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, облыстағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты жұмысы тоқтап тұрған бірқатар нысанның қызметіне рұқсат берілмек.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Мұнайлы өңірдегі эпидемологиялық ахуал тұрақталып келеді. Осыған орай, облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бірқатар нысанның жұмысына рұқсат беріліп жатыр. Ертеңнен бастап мешіттер мен шіркеулер, спорт нысандары, мәдени орындар жұмысына кіріседі. Бірақ адамдардың көп жиналуына әлі де рұқсат берілмеді. Мешіттерде жұма намазы оқылмайды, бірақ жеке келіп құлшылық жасауға, құран оқытуға мүмкіндік бар.

Шектеу шараларын жеңілдетудің екінші кезеңінде монша мен саунаның, бассейндер де жұмысына кіріседі. Бірақ қауіпсіздікті қатаң сақтау міндетті. Әр адамға 5 шаршы метр жер бөлінуі тиіс. Сондай-ақ, қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы да жанданады. Бірақ теміржол қатынасы әзірге жоқ. Жаңа қаулыға сәйкес, қала маңындағы демалыс орындарына баруға рұқсат беріліп отыр. Сонымен қатар, сақтық шараларын қатаң сақтап, саябақтарда, скверлерде серуендеуге болады. Дегенмен, тұрғындардың түнгі 12-ден таңғы 6-ға дейін жүруіне тыйым салынды. Демалыс, мереке күндері жұмысын бастаған нысандар уақытша қызметін тоқтататынын да естеріңізге саламыз. Шектеу шаралары жеңілдетілгенімен, бетперде тағып, арақашықтықты сақтау, әлбетте, міндетті. Алайда той, ас беру секілді отбасылық шараларды өткізуге салынған тыйым күшін жойған жоқ. Сондай-ақ, түнгі клубтар, караоке мен кинотеатрлардың қызметіне де рұқсат берілмеді.

Хабар 24 телеарнасы