420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы 200 елді мекенде интернет желісі жоқ

  • 158
  • UPD: 23:37, 31.08.2020

Ертең сабақ басталады. Ал, Түркістан облысындағы 200 елді мекенде интернет желісі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл оқушылар қашықтан оқыту жүйесі арқылы білім алады. Жауапты сала мамандары жылдың соңына дейін 70 елді мекенге интернет тартылатынын айтады. Бірақ оған дейін ауыл балалары қалай оқиды?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Отырар ауданы Қарғалы ауылдық округіне қарасты Отырар ауылы өңірдегі интернет желісі нашар ұстайтын елді мекендердің бірі. Мұнда 2 мыңдай халық тұрады. Ертең сабақ басталғанда балалары қашықтықтан қалай оқитыны мұндағы ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған.

Сәндігүл Нармаханова, ауыл тұрғыны:

- Интернет жоқ. Ертең балалар онлайнмен оқиды дейді. Қалай оқиды? Интернет ұстамайды. Білмеймін, қалай оқитынын бала-шағамыздың.

Ұлжан Жолшиева, ауыл тұрғыны:

- Бізге қиын, қыр-сайды қуалап жүреміз интернет таппай. Антенна ұстамайды, байланыс нашар, сабақ басталайын деп жатыр.

Мырзабек Бағлан, Отырар орта мектебінің қызметкері:

- Біздің Отырар орта мектебінде тек қана WiFi жақсы істейді. Ал ауылдың ішінде 3G-4G дегенді ұмытамыз. «Е» деген болады ғой. Сондай желі нашар. Балалар қалай оқитыны белгісіз.

Отырар ауылындағы емхана, мектеп, әкімшіліктің ғимараты сияқты әлеуметтік нысандарға жақында талшықты интернет желісі тартылған. Бірақ бұны тұтас ауылда интернет бар деп айтуға келмейді. Оны ауыл әкімі де біледі.

Есенбай Шынтереков, Отырар ауданы қарғалы ауылдық округінің әкімі:

Мектепте, емханада, бізде интернет керемет ұстап тұр қазір. Үйдегі балаларға да осыны тартады енді. Кейбір кездерде сондай болады, кейде жақсы ұстайды. Қанша дегенмен, ауылдық жер ғой.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, ауылдық жерлерге интернет апару оңай шаруа емес. «Алдымен аудан орталықтарынан үлкен станция салып, оны ірі байланыс жүйесінің қоластына беру керек. Бұл ұзақ уақыт пен көп қаржыны талап етеді», дейді. Одан кейін ауыл ішіне түрлі байланыс операторларының станциясын орнату керек. Олардың да өз талаптары бар. Мәселен байланыс операторының станциясын салу үшін елді мекенде кемінде 500-ден аса отбасы, 1500-ден аса сол оператордың пайдаланушылары болы тиіс.

Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

- Қыркүйекке дейін 80 елді мекенде интернет желісі күшейтіліп жатыр. Жылдың соңына дейін тағы 70 елді мекенде интернет және 3G-4G деңгейіне көтеріледі. Бұған қоса, әлде де бізде 130 елді мекенде интернет мүлдем жоқ. Бірақ бұл елді мекендерде көпшілігінде шағын жинақы мектептер. Сондықтан дәстүрлі білім жүйесімен оқитын болады. Сондықтан интернетке аса қажеттілік туындап тұрған жоқ.

Интернеттен бөлек, ауыл жерлерде электрондық құрылғылар да жетіспейді. Қазір облыстағы қашықтықтан оқитын оқушылар мен мұғалімдерге 75 мың дана компьютер жеткізілген. Қарашаға дейін демеушілердің көмегімен тағы да 10 планшет сатып алынбақ. Соның өзінде мың адамға электрондық құрылғы жетіспей тұр. Алайда, білім басқармасының мамандары бұл мәселені толық шешеміз деп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы