421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 1 қыркүйектен бастап карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі басталады

  • 237
  • UPD: 23:54, 31.08.2020

Елде карантин тәртібі тағы жеңілдетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызмет етуіне рұқсат берілген нысандардың саны артты. Дегенмен, бірқатар шектеулер сақталады. Мәселен, демалыс күндері локдаун режимі қайта күшіне енеді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ертең карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Сөйтіп, қызметіне уақытша тыйым салынған бірқатар мекеменің жұмысы қайта жанданды. Оның ішінде мешіттер де бар. Мәселен, елордадағы діни мекемелер медициналық бетперде кимегендерді кіргізбейді. Бұл туралы хабарландыру кіреберістерде жазылған. Іште санитайзерлер қойылған. Жамағаттың дене қызуы да тексеріліп, арақашықтық сақталады.

Дмитрий Байдек, Успен кафедралды соборының қызметкері:

- Шіркеу ашылғаннан кейін де талаптарды сақтау керек. Бірінші кезекте жеке-жеке дұға ету кезінде әлеуметтік қашықтық сақталады. Ішкі сыйымдылық 30%-тен аспауы қажет. Алдағы уақытта діни мерекелер кезінде бұл нормалар қайта реттеледі деп ойлаймын.

Ал, Маңғыстау облысында 5 айға созылған үзілістен кейін кітапханалар мен музейлер және театрлар жұмысын қайта бастады. Мәдени нысандардың ішкі сыйымдылығы 50%-тен аспауы керек. Қалалар мен аудандар арасында автобустардың қатынауына рұқсат. «Маңғыстау – Бейнеу» жолаушылар пойызы да жүре бастады. Санитарлық нормаларды сақтай отырып, демалыс орындарына баруға болады. Спорттық клубтар да бұрынғы қызметіне оралды. Бірақ топтық жаттығуларға 5 адамнан артық жіберілмейді.

Анатолий Жданов, фитнес-орталық жетекшісі:

Мәселен, бұл залда тек 30-40 адам жаттыға алады. Біз міндетті түрде арақашықтықты сақтап, құрал-жабдықтарды дезинфекциялап отырамыз. Бөлме іші де ұдайы желдетіледі. Негізі келушілер қатары көп. Сондықтан адамдар жаттығуға бір ай бұрын жазылып қояды.

Қарағанды облысында жергілікті бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай театр әртістері репетицияны сахнада өткізе алады. Алайда, 30 адамнан аспауы керек. Ұлттық саябақтарға баратын топ құрамы да 15 адамнан артық болмауы қажет. Десек те, демалыс күндері шектеулер сақталады. Әр апта соңында діни нысандар, сауда үйлері, жабық базарлар, шаштараз қызметі, фитнес-орталықтар мен спорттық кешендер жабылады.

Юрий Залыгин, облыстық бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы:

- Қаладағы қоғамдық жағажайлардың жұмысына салынған тыйым сақталады. Бұқаралық, спорттық, отбасылық, естелік және салтанатты шараларды өткізуге болмайды. Әсіресе, үй ішіндегі жиындарды тыю керек.

Карантиннің жеңілдетілуіне байланысты, бассейндердің жұмысы жанданбақ. Бірақ мұнда да адамдар алдын ала жазылып, жүзу алаңында арақашықтықты сақтайды. Ал, көпшілік күткен кинотеатрлардың қашан ашылып, тойдың өтуіне қашан рұқсат берілетіні әзірге белгісіз.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марк Брюшко, Марина Золотарева, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы