426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы ауылдарға жылдамдығы жоғары интернет жетті

  • 291
  • UPD: 00:35, 01.09.2020

«Қазақтелеком» компаниясы бүгін Қарағанды облысындағы екі ауылға жылдамдығы жоғары интернет желісін орнатты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір толықтай талшықты-оптикалық байланыс жүйесімен қамтылды. Енді барлық елді мекенде 4G жүйесі пайда болады.

«Қазақтелеком» компаниясы қолға алған талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы Қарағанды облысында да жемісін берді. Бүгін Осакаровка ауданына қарасты Центральное және Пионерское ауылдары кең жолақты интернетке қосылды.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі:

Біз жеткіздік. Енді ауыл тұрғындарының арасында насихат жүргізу. Интернетпен не жасауға болады. Интернеттің «Ютубтан» басқа жақтарын пайдаланбай, жақсы жақтарын да насихаттау керек.

Бұл жаңалық ең алдымен ауыл ұстаздарын қуантты. Бұған дейін мұнда ұялы телефон интернетінің жылдамдығы нашар болып, қашықтан білім беру процесі қиынға соққан.

Алтынкүл Хидолда, Пионерское ауылының тұрғыны:

Оқушылар тапсырмаларды жібере алмайды. Жылдамдық болмады. Енді жаңа оқу жылы қарсаңында 4G желісіне қосылып жатқанымызға қуаныштымыз.

«Қазақтелеком» ауыл-аймаққа интернет желісін жеткізу жұмысын 2018 жылдан бері жүргізіп келеді. Компания бұл іске 30 миллиард теңге бөлді. Осы айдың өзінде Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда облыстарына талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталды.

Қуанышбек Есекеев, «қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- 4G сервисі – бұл байланыс жүйесінің жаңа түрі. Ол арқылы кез келген электронды коммерцияны жүзеге асыруға болады. Әрі онлайн оқытуға мүмкіндік туады. Оның үстіне жақында жаңа оқу жылы басталады. Жаз бойы компания Қазақстан бойынша 10 мың шақырым талшықты-оптикалық желіні жүргізді.

Осылайша, ұлттық оператор облыстың барлық ауылына жоғары жылдамдықты интернет таратуын жалғастыра бермек. Ол үшін әр елді мекенге базалық станциялар орнатылады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы