421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Қарағанды облысындағы алғашқы 3000 үй газға қосылады

  • 154
  • UPD: 00:32, 01.09.2020

Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Сарыарқа» магистарльды газ құбыры құрылысының екінші кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ірі елді мекендердің бойында газ тарату станциялары салынып, көгілдір отынды үйлерге жеткізу жұмыстары қолға алынған. Сонымен биыл қанша үй газға қосылады?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қарағанды қаласының тұрғыны Аман Әбжанов ақсақал үйін жылыту үшін бір қыста 8 тоннаға дейін көмір жағады екен. Бұл дегеніміз, қыруар ақша, әрі бейнеті де аз емес. Сондықтан газдың келуін тағатсыздана күтіп жүр. Қазір құбыр үйдің іргесіне дейін жеткен, енді ішке тарту ғана қалды.

Аман Әбжанов, қала тұрғыны:

Бір жылда, бір қыста біз 7-8 тонна көмір жағамыз. Енді ол көмірді енгізу бар, күлін шығару бар, үйдегі әйел адамға әжептеуір шаруа ғой. Енді газ келсе, от жағудан құтылады. Газ деген үйіңді жылытады, әрі тамақ істейді. Адамның тіршілігіне ең қажетті шаруа ғой.

Мың шақырымнан асатын магистральды газ құбырының басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Яғни, келешекте өңірдегі 9 қала мен 114 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ. «Алты ай от жағатын ауылдар газға көшкенде аймақтың экологиялық жағдайы да күрт жақсарады», - дейді мамандар. Жыл соңына дейін Қарағанды облысындағы алғашқы 3 мың үй газға қосылады.

Данияр Кәрібаев, Энергетика басқармасының бөлім басшысы:

80%-ке құрылыс жұмыстары аяқталды. Ол бірінші кезеңде 3 мыңнан астам үйге газ беруге мүмкіндік береді. Қазіргі кезде сварка жұмыстарын тексеру жұмыстары өткізіліп жатыр. Биылғы жылу маусымынан бастап кезең-кезеңімен газ беру жұмыстары басталады. 

Ал, Ақмола облысына газ келесі жылы келеді. Көгілдір отынның игілігін алдымен елорда іргесіндегі Аршалы және Целиноград аудандарының халқы көрмек. Жоспар бойынша бірінші кезекте 20 ауыл газға қосылады. Онда шамамен 35 мың халық тұрады. Әзірге автоматтандырылған газ тарату қондырғысы салынып, екі ауылға құбыр тартылып жатыр. Ал, облыс орталығына табиғи отын сәл кештеу келеді.

Жасқайрат Садықов, облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгінгі таңда жобаларға түзету енгізіліп жатыр. Онда газ құбырларын Көкшетауға дейін тарту көзделген. Жоба қайта жасалған соң оны Үкіметтің қарауына ұсынамыз. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталады.

Игі жоба аяқталған кезде 2,7 миллион адам көгілдір отынмен қамтылмақ. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 56 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Дамир Берікұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы