429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған іс көп

  • 449
  • UPD: 00:16, 01.09.2020

Мәселен, бір ғана Жамбыл ауданында қарасты бірнеше ауылда инфрақұрылым мәселесі шешіліп, мектеп, спорт, шығармашылық орталықтар бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір құрылысы аяқталған нысандардың алды елдің игілігіне беріле бастаған.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көркейіп, бірқатар мәселесі шешілген – Аса ауылы. Бұған дейін аудан орталығында ауылішілік жол мен жарық проблема болатын. Жоба аясында 24 көше жөнделіп, ауыл жолдары 100% асфальтталды.

Ақан Сыдықов, Аса ауылының тұрғыны:

- Соңғы жылда көп өзгерістер болып жатыр. Міне, қараңызшы. Мына көшенің бәрі түгел асфальттанды. Көшенің бәрі мынау. Бұрын жарық жоқ жерлерге қазір жарық тартылып, көшенің бәрі жап-жарық болып жатыр. Бұл деген керемет нәрсе ғой. Бұл деген үлкен жетістік біздің Жамбыл ауданы үшін.

Облыста теңдесі жоқ спорт кешені осы ауылда салынып жатыр. Мұнда тәулігіне 350 адам спорттың оннан астам түрімен шұғылданып, жаттыға алады. Құрылыс аяқталса, қыркүйекте пайдалануға беру жоспарда.

Жанат Қырқымбаев, мердігер:

Еуропалық стандартқа сай спорт залы бар. Бокс залы бар. Теннис корты бар даладағы. Сыртта ойналатын. Құрылыс нысанының қазіргі уақытта 90%-і бітті. Қазір тек қана даладағы абаттандыру мен спорттық алаңдар қалды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Сондай-ақ бағдарлама аясында бөлінген қаражатқа ескі кинотеатрдың ғимараты жөнделіп, өнер мектебі болып ашылды. Ал, мына нысан бұрын ескі жатахана болған. Жаңғыртылып, қазір шығармашылық орталыққа айналды. Мұнда ауыл жастары робототехника, техникалық модельдеу, авиамодельдеу сияқты 28 түрлі үйірмеге қатыса алады. «Бұл жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, болашақта мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Сәкен Арубаев, Жамбыл ауданының әкімі:

-Кәсіптік 28 бағыт бойынша кластар ашып, 700 балаға дейін қамтимыз деп отырмыз. Біздің көрсеткішіміз бұл бағытта екі-ақ процентті құрайтын. Биыл осы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында 9%-ке дейін осы мәселені көтереміз деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы облыстағы 6 аудандағы 29 елді мекенде жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, инфрақұрылымдық проблемаларға басымдық берілген. Аймақта осы бағытта 109 жоба қолға алынған. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы