428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында карантиндік талаптар жеңілдетілді

  • 159
  • UPD: 00:20, 01.09.2020

Соған сәйкес өңірде қалааралық қоғамдық көлік қатынасы жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спорт және мәдениет нысандары мен діни бірлестіктердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ең алдымен таңсәріден мешіттер ашылып, таң намазы оқылды.

5 айлық үзілістен кейін қайта қызмет көрсете бастаған Талдықорғанның орталық мешітіне қала тұрғындары таңертеңнен бері келе бастады. Бірі Құран оқытса, келесісі намаз оқуға ниеттенген. Олар үшін арнайы дезинфекциялық кілемше төселіп, зарарсыздандыру сұйықтықтары  қойылған. Мешіт қызметкерлері әрбір адамның дене қызуын өлшегеннен кейін ғана ішке кіргізіп жатыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Мешіттер ашылғанымен, имандылық үйінде әзірше бес уақыт намаз, және жұма намазы көпшілікпен бірге оқымайды. Келуші жамағат екі метрлік арақашықтықты сақтай отырып құлшылық қылып, 10-15 минутта мешіттен шығып кеткен жөн. Көпшілікке осындай талап қойылып отыр.

Мешіт ішінде адам саны 15-тен аспауы керек. Неке қиятын және құран оқытатындар үшін де осындай шектеу қойылған.

Керімбек Дәуітов, ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша найб имамы:

- Құран оқытушылар да міндетті түрде аяқ киімін зарарсыздандыру кілемшесіне басады. Міндетті түрде маскасын киеді. Антисептигін жағады. Құран оқытушы кісілер де он кісіден аспауы керек. Неке қиюшылар да он адамнан аспауы керек. Неке қиылған соң дереу мешіттен шығып кету керек.

Діни бірлестіктермен қатар бүгін мәдениет нысандары, спорт кешендері де ашылды. Аталған мекемелер мерекеден соң қалыпты жағдайда жұмыс істейтін болады. Туристік нысандарға де біршама жеңілдік жасалып отыр. 

Әлия Шағиахмет, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Демалыс орындары демалыс аймақтары, су қоймалары 80%-тік толықтырумен жұмыс істей алады. Бұғанға дейін бұл 50% болатын. Одан бөлек, қалааралық автобустарды ашып отырмыз. Мысал ретінде Қапшағай мен Алматы арасындағы автобус өз қызметін атқара алады.

Ресми мәлімет бойынша Алматы облысында 4800-ден аса адам короновируспен ауырған. Соның 4,5 мыңы жазылып шыққан екен. Ал, өткен тәулікте індет жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмепті. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бұдан да жақсара түссе, енді ойын сауықтыру кешендері мен тойхана, өзге де нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы