420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» арнасына сегіз жыл толды

  • 155
  • UPD: 19:05, 01.09.2020

Сенімді ақтауға ұмтылған сегіз жыл. «Хабар 24» телеарнасының эфирге шыққанына сегіз жыл толды. Ізденіске құрылған өткен күндер мен үміт күттіретін жаңа маусым.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Жауапкершілік жүктелген 24 сағат. Мүлт кетуге мүмкіндік жоқ. Санаулы секундтар эфир тағдырын шешеді. Үлгіруің керек. Жылдам әрі нақты ақпарат ұсыну, мұндағы қалыптасқан дәстүр.

Осыдан 8 жыл бұрын «Хабар 24» арнасының техникалық жабдықталуы да, адам саны да қазіргімен салыстыруға тура келмейді. Ол кезде «24 KZ» едік. Жаңалықтар әр жарты сағат сайын шығып тұратын. Қазір де, ол кезде де басты мүддеміз өзгерген емес. Тез, шынайы, жедел ақпарат жеткізу.

Марал Байғара, жүргізуші:

- Қазір «Хабар 24» арнасы ақпарат айдынында өз орнын тапты деп айтуға болады. Біз қазір жаңалықтың жаршысы болдық. 8 жылда көп өзгеріс болды. Арнаның техникалық жабдықтары өзгерді. Мысалы, карантин уақытта біздің ұжымның кәсібилігін тағы бір дәлелдеді. Әрине бірінші эфирге шығуым әлі есімде. Сол кезде тікелей эфирде космосқа зымыранды ұшырғандай сезімде болдым.

Уақыт өте келе еліміздің әр облысынан бөлек бірнеше шет мемлекетте тілшілер қосыны ашылды. Бұл да арна жұмысына серпін берді.

Шалқар Қожаев, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы:

- 4-5 жыл бұрын әр мемлекеттен тілшілер қосынын аштық. Өңірден бөлек басқа мемлекеттен. Индия, Жапония, Корея, Австрия, Бельгия, Мәскеуде, Қытай. Көп жерлерде болды. Тілшілер қосыны бар. Оннан астам мемлекетте фрилансердің көмегіне жүгініп отырмыз. Соның арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін ақпаратты алып отырмыз. Материалдарды жедел, нақты фактімен беріп отырмыз.

Айдана Кәрібжанова, «Хабар 24» телеарнасы халықаралық жаңалықтар бөлімінің бас редакторы:

- Індеттің өршуіне байланысты әрине біздің ақпараттың көлемі көбейді. Меншікті тілшілердің алдына мақсат пен міндет қойылды. Тілшілеріміз телефон арқылы тікелей эфирге шығатын уақытымыз 4 есе көбейді. «Хабар 24» арнасының көрермендері әлемдегі қандай жағдай болса да нақты сауатты ақпарат ала алады.

Тәулік бойы арнамызда арнайы репортаж, тікелей эфирлер де көп болды. Әрине тілшіден басқа оператор, режиссер, дыбыс режиссеры мамандары, жарық берушілермен қатар көлік жүргізушілердің еңбегі зор. Бұл үлкен ұжым. Арна ашылған күннен бастап еңбек етіп жүргендердің бірі Эльмира Досжанова.

Эльмира Досжанова, «Хабар 24» телеарнасының режиссері:

- Бір жаңалықты алып шығу үшін жаңалықтардың таза өтуіне 1 режиссер жауап береді. Таңертең 4:30-да тұрып, 5-те келетінбіз. Қызық оқиғалар ол жаңағы редакторларымыз болды кезінде эфир жүріп жатқан кезде далет программасымен верстка дейміз соны өзгертіп, мына жақта барлығы өзгереді. Суфлер де өзгереді. Жүргізушілер кібіртіктеп қалады. Сондай жедел өзгерістерге ұжым әрқашан дайын отырады. Жаңалықтың нағыз ордасы 24. 

Халық карантин кезінде үйде отырып, жұмысты да қашықтан атқарса, «Хабар 24» тілшілері қайнаған істің ортасында жүрді. Сауатты ақпарат, салмақты сараптама ұсынды. Қауіпке бас тіге жүріп көрермен мен маман арасындағы көпірге айналды. Әсіресе қысылтаяң шақта тікелей эфирдің саны айтарлықтай көбейді.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші: 

- Карантин кезінде арнамыздың жұмысы қыза түсті. Тілшілер тыным таппады. Екі аптадан астам уақыт тікелей эфирге шығудың сәті түсті. Тікелей эфир ол өзінше бір адреналин. Тәжірибе тұрғысынан қарағанда өте тиімді кезең болды деп айта аламын.

«Хабар 24» арнасында 70-ке жуық жоба бар. Танымдық, ақпараттық бағдарламалар жыл сайын көбейіп келе жатыр. Тілшілеріміз шетелден тікелей эфирге шығып, көрерменге тың ақпарат ұсынады. Төтенше жағдай кезінде жаңалықтар қаралымы 90 млн-ға жеткен. Ал карантин кезінде бұл көрсеткіш 146 млн асты. Арнамыздың жаңалығы әлеуметтік желіде 1,5 миллиард рет көрілген.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

- «Хабар 24» арнасына көзді ашып жұмғанша 8 жыл толып отыр. Бұл дегеніміз 96 ай, 7 мың сағат бойы тікелей эфирде деген сөз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ақпаратты жедел түрде көрерменге жеткізіп отырады. Бұл арнада жігерлі  жастар жұмыс істейді. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін.   

Жаңа маусымда арнамызда тікелей эфирлердің саны көбейеді. Халықты жедел әрі нақты ақпаратпен сусындату үшін күндізгі жаңалықтар шығарылымының көлемі ұлғайады. Сонымен қатар, көрермен назарына жаңа танымдық яки ғылым мен медицина жайлы жобалар ұсынылады.

Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров, Арман Ақшабаев, Әлібек Алиев

Хабар 24 телеарнасы