420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасынан «Соңғы үміт» телехикаясы көрерменге жол тартады

  • 188
  • UPD: 21:26, 01.09.2020

Жаңа маусымда «Хабар» арнасының көрермендер назарына ұсынатын тағы бір телетуындысы «Соңғы үміт» деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда отбасылық құндылықтар мен қазақи салт-дәстүр кеңінен насихатталып, ата-ана мен бала және келін арасындағы қарым-қатынас көпшілікке ой салары анық дейді шығармашылық топ өкілдері.

Қазақ тілінде түсірілген телехикая оқыс оқиғадан басталады. Тоғызыншы сынып оқушысы Самат селфи жасаймын деп абайсызда биіктен құлап кетеді. Осыдан кейін фильм сценарийі әртүрлі шиеленісті оқиғалармен өрбіп, отбасылық құндылықтардың қадір-қасиетін бағаламау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпегеннің соңы неге апарып соғатынын көрсетеді.

Нартай Өтеген, идея авторы:

– Бұл идеяның тууына негізі қазіргі жастардың басқаша көзқараспен өсуі түрткі болды. Өйткені әкесіне қарап дауыс көтеретін балалар пайда болды. Өзіміздің қазақы мінезімізден айырылып қалдық. Оны біз қалай қалпына келтіреміз? Оны осы телехикаялар арқылы, экрандар арқылы жастарымызды түзеуге болады.

Сериалда ағайынды Санат пен Мақсаттың, олардың әке-шешісі Асхат пен Аиданың бір-біріне мүлде ұқсамайтын мінездері, Омарбек ақсақалдың басынан өткерген оқиғалары суреттелген. Ата-анасының мейірімі мен ыстық ықыласына бөленбеген бала өмірде көп қателіктерге ұрынуы мүмкін. Сондықтан ұлт болашағы өскелең ұрпағымызға байланысты екенін шығармашылық топ халыққа жан-жақты көрсетуге тырысқан.

Иісбек Әбілмажын, актер:

– Өмірде болып жатқан нәрселер түйіткі болады. Кейде сабырлық сақтамай, шұғыл шешімге кетіп жатады. Сабыр түбі – сары алтын» дегенді ескерткіміз келеді, еске салғымыз келеді.

Ерте көктемде басталған түсіру жұмыстары әлемді жайлаған пандемияға байланысты біраз уақытқа тоқтап қалған. Дегенмен бастаған істі аяғына дейін жеткіздік. Енді көрермендер көңілінен шығып, келешек ұрпаққа өнегелі ой сала алсақ, мақсатымыздың орындалғаны дейді қоюшы режиссер Төлеген Бейсет. «Соңғы үміт» телехикаясы санаулы күндерден соң Хабар арнасынан көрсетіле бастайды.

Авторы: Жандос Айтбайұлы

Хабар 24 телеарнасы