420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


КПО компаниясы Оралда жаңа мектептің құрылысын аяқтады

  • 204
  • UPD: 22:13, 01.09.2020

Білім күніне орай КПО компаниясы Оралда эстетикалық бағыттағы жалпы білім беретін мектепті пайдалануға берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заманауи үш қабатты кешен қаладағы жаңа аудандардың бірінде салынды. Бұрын үш ауысымда оқитын балалар енді жаңа мектепте әдеттегі екі ауысымда білім алатын болады.

Жаңа мектептің құрылысы – бұл 3000 тұрғыны бар жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын дамытуға жасалған тағы бір қадам. Енді эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия осы жерге көшеді. 26 жыл бұрын ашылған мекеме осы күнге дейін бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан еді. Қазір оның жеке кітапханасы, спорт залы, асханасы бар, сынып бөлмелері барлық қажеттіліктермен жабдықталған.

Әлия Қайыржанова, эстетикалық бағыттағы мектеп гимназияның директоры:

– Балалардың логикалық ойлау қабілетін, зертханалық, практикалық жұмыс жүргізуіне байланысты интелектум кабинеттер, цифрлық лаборотория, технология, робототехника кабинеттері бар.

Эдвин Блом, КПО бас директоры:

– «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Компаниясы» әрқашан әлеуметтік жобаларға белсенді қатысады және COVID-19-ға қатысты жағдайға қарамастан, біз оны жалғастырамыз. Бұл біздің республика алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің бір бөлігі. Компания жергілікті ауруханаларға көмектеседі және ұзақ мерзімде, болашақта білім беруді қолдайды. Біз бұл жобаның жаңа оқу жылына дейін аяқталғанына қуаныштымыз.

450 оқушыға арналған ғимараттың аумағы – 4,5 мың шаршы метр, қазір мектепте 25 кезекші бастауыш сыныптары құрылды. Олар үшін күндізгі режим ұйымдастырылған, яғни ыстық тамақ беріліп, үй тапсырмасын орындайды. Сондай ақ мектепте сурет салу, би билеу, музыка, спортпен айналысуға болады. Мектеп тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Денсаулық сақтау және білім беру объектілері КПО компаниясы әлеуметтік бағдарламасының басым бағыттары болып табылады.

Авторлары: Ботагоз Базарбаева, Канат Махмутов

Хабар 24 телеарнасы