421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда тоқты еті қымбаттап барады

  • 90
  • UPD: 13:41, 02.09.2020

Алматыда тоқты етіне сұраныс артуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сатушылар мұны коронавирус індетінің тарауымен байланыстырады. Әдетте тоқты етін кәуап пісіргенде ғана қолданатын қала тұрғындары сорпаны да жиі ішетін болған. Есесіне бағасы да қымбаттап барады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматыдағы ет сататын көтерме базарда тірлік таң атпай тұрып басталады. Қала ішіндегі асхана, кафе мен мейрамханалар, тіпті кейбір ет дүкендері тоқты етін осы жерден алады. «Биыл коронавирус пандемиясының тарауына байланысты сұраныс көп», - дейді сатушылар.

Бағила Исабекова, ет сатушы:

- Базарымыз күнде міне, көріп тұрсың, кешеден ет қалмайды. Кешке дейін сағат 3-4-те бәрі бітіп кетіп жатыр. Бұрын ондай болмайтын. Сосын мына қызығы, құйрыққа сұрынас көп.

Қазақстандағы қой саны 23 миллион 500 мыңнан асады. Шопан ата төлі өткен жылмен салыстырғанда 3%-ке өскен. Бірақ сұраныстың артуы бағаға әсер етуде. Мысалы, Алматыда биыл тоқты етінің көтерме бағасының өзі келісіне 1850-1900 теңгеге жетті.

Айтан Баттанов, қала тұрғыны:

- Жылдан жылға қымбаттап жатыр. Биыл ғана емес. Күнде көрсең, күнде қымбат қой. Сол басқа не айтамыз, қымбатшылыққа да көнеміз.

Гүлбақыт Нұрғожаева, қала тұрғыны:

- «Дастарханда міндетті түрде ет болу керек» деген ұстаным бар. Етсіз ештеңе дайындамаймыз. Сондықтан қымбат болса да, адамдар алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ішкі сұранысты өтеуге мал санының жеткілікті екенін айтады. «Ал, бағаның қымбаттауына пандемияның қатысы жоқ», - дейді. Мәселе, жем-шөпте көрінеді.

Ғани Жұмахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті басшысының м.а.:

- Жұмыс беруші немесе кәсіпкер өзінің шығындарын қосқанда, электр энергиясын, тасымалдау, сақтау немесе өндіру сияқты және де осы жылғы инфляцияның есебінен жұмысшылардың жалақысын көтеру себебінен еттің тікелей бағасына әсер етеді.

Мұхамедхан Бейсенбеков, ет сатушы:

- Биыл арпа да, бидай да қымбат. Қазір шөптің бағасын білесің бе? 1200-1400 теңгеге шығып алды. Бір тең жоңышқа 1200 теңге. Жәй шөп 800 теңге. Енді ол қымбаттамағанда қайтеді енді.

Қазіргі базар нарқы осындай. Қыста қалай боларын уақыт көрсетер.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы