420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да биыл жаздың құрғақ болуына байланысты шөп шығымы аз

  • 146
  • UPD: 13:01, 02.09.2020

Жаздың құрғақ болуына байланысты Шығыс Қазақстан облысында қысқы мал азығын әзірлеу барысы былтырғы мөлшерден төмен болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті кейбір аудандарда шөп шығымы 2-3 есе аз. Сондықтан біраз фермерлер малдарын сатып та жатыр. Дегенмен, шаруалар бұл тығырықтан шығар жол емес деп есептейді. Өйткені мал басын өсіру оңай шаруа емес.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Биыл қауіпті індет күшейген тұста сорпа-суына зәру жұрт қой іздеп әбігерге түсті. Ұсақ малдың бағасы да едәуір өсті. Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданы кезінде Одаққа аты мәшһүр «Байыс» тұқымының Отаны саналады.

«Байыс» қойының ерекшелігі – ол қыста тебіндеп жайыла береді. Ал майды тек қана құйрығына емес, сонымен қатар жоны мен сүбесіне де жинайды. Мына 2,5 жасар қошқардың салмағы 100 келіден асқан. Ал егер бордақылайтын болсақ, 175 келіге дейін жетеді екен.

Үшбиік ауылындағы шаруа қожалықтардың бірінде 5 мыңнан астам қой бар. «Машақаты көп болса да, малды сатып, басқа кәсіпке ауысу ойымызда жоқ», дейді еңбекқор жандар.

Рамзан Хасиев, шаруашылық жетекшісі:

- Биыл құрғақшылық, біз қанша шығады шөп жинаймыз. Содан кейін Өскемен, Семейден болса да, сатып аламыз, бірақ қой сатпаймыз, қой қалады. Менде мың бас аналық бар, қалдырамын, 300 бастай қозы бар. Адам сияқты сөйлесемін, олар мені түсінеді, мен оларды түсінемін. Менің балам жақсы көреді малды, енді немеремді үйретсем қойға, бұл біздің қанда бар.

Жайлауда мал баққан қойшымыз да әңгімешіл болып шықты. Көп сұраққа нық жауап берді. Ата кәсіпті жандандыруға ынта керегін айтады ол.

Тілек Тұраров, шопан:

- Заманның озғаны ма, тозғаны ма, оны айта алмаймын, бірақ көбі жоламайды малға. Ал бірақ еті мен ақшасына келгенде, өздеріңіз білесіздер. Қазіргі жастарды баулу керек, оның өзінде де көбі шыдамайды, шыны керек. Қызыл кітапқа енеміз бе деп тұрмын, бүйте берсек. Бұның оқитын түгі жоқ, бұған ынта керек қой.

Ағайынды Хасиевтердің үлкендері сонау соғыс жылдары Шешенстаннан қазақ топырағына жер аударылыпты. Жарты ғасырдан астам қой бағып келе жатқан Хусан ақсақал қазір зейнеткерлікке шыққан. Сөйтсе де, бос қарап отырмайды. Балаларына ақыл айтып, жөн сілтеп отырады.

Хусан Хасиев, зейнеткер:

- Жасым 80-нен асты. Сонда да қартайып тұрған жоқпын. Қазір індет деп шулап кетті, менің оны ойлауға уақытым жоқ. Жұмыс істеу керек. Адам таңертеңнен шын ниетпен адал еңбек етуге дағдыланса, бәрі де жақсы болады. Міне, мына жерге бақша салып қойдым, күтіп-баптап қияр, қызанақ сияқты көкөністің бәрін ешкімнен сатып алмаймыз. Балаларым мен немерелерім ата жолын қуып, ел болашағына адал кәсіппен қызмет етсе деймін.

Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі:

- Шаруа қожалықтарының бәрімен сөйлесіп, бір кеңеске келіп, малдың санын азайтпаймыз. Мүмкін кейбіреуінде азайса да, шөпті бар шаруашылықтар қазір дайындап, күзде, қыста бір-бірімізге болысайық деген ниетпен меморандум жасап, ауылшаруашылығы бөлімі сондай жұмыстар жасап жатыр. «Атамекен» палатасымен қосылып, қазір біздің ауданымыздағы шөп мәселесі бүкіл облыстағыдай күрделі, бірақ та оны бір кісідей шешеміз деген ойдамыз.

Ауданда 100 мыңға тарта ірі қара, 242 мың қой-ешкі, 40 мыңға жуық жылқы бар екен. Олардың қыстан қысылмай шығуы үшін 225 мың тонна шөп керек. Қазір 175 мың тонна әзірленіп үлгеріпті, қалған шалғынды да күздің жайлы күндерін пайдаланып ысырапсыз шауып алу көзделген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы