426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәрігер: Гаджетке ұзақ үңілген бала көз ауруына шалдығуы мүмкін

  • 205
  • UPD: 13:06, 02.09.2020

Көз кімдікі? Өзіңдікі болса, ойлан. Мамандар балаларға осылай деуге мәжбүр.

Өйткені олар телефонға үйір. Оның үстіне сабақты да қашықтан оқитын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Демек, компьютер немесе смартфондармен тағы да таңылады. Ия, ол да уақытша шығар. Дегенмен, гаджетке ұзақ үңілу баланың әртүрлі көз ауруына шалдығуына алып келуі мүмкін. Телефонға телміру қаншалықты зиян?

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Бұл көзді шынықтыруға бағытталған қимыл-қозғалыстар. Дәрігер ұсынған жаттығулар. «Онсыз да телефонға көп телміретін баланың қашықтан оқуы көзіне зиян емес пе» деген сауалды маманға қойдық.

Мақпал Қосәлиева, көз дәрігері:

- Баланың отыру орындығы ыңғайлы, жарық бөлмеде отыру керек. Компьютерден баланың арақашықтығы 50 см-ден кем болмау керек. Ал кітап оқып, жазу жазғанда 30 см болу керек. Сондай өзінің үрдістерін сақтайтын болса, амалдап қолдануға болады. Егер түнде қолданатын болса, екі есе көзге зиян келеді. Сондықтан мейлінше, күндіз пайдаланған дұрыс.

Қала тұрғыны Ақерке Әбдуалиева биыл қызы Аружанды 1-сыныпқа берді. Үйден оқытуға мүмкіндігі бар. Бірақ бала денсаулығы үшін осындай шешім қабылдаған. Себебі, көру қабілеті нашарлай бастапты. Дәрігерлер телефонға төніп отыруға мүлдем болмайтынын айтқан. Қазір ол ем-дом шараларын жасап жатыр.

Ақерке Әбдуәлі, қала тұрғыны:

- Көз дәрігерінің кеңесі бойынша күніне жарты сағат қана телефон ұстауға рұқсат бар. Сондықтан мектепке баруға шешім қабылдадық. Әзірше мүмкіндік бар секілді ғой, мектепке барып оқуды қалдырады деп ойлаймын. Себебі, қызыма денсаулығына байланысты компьютерге көп үңілуге болмайды.

Арнайы дүкендерде қазір көзілдірікке сұраныс артқан. Іздеушінің көбі балалар. Қашықтан оқу барысында жеткіншектердің көру қабілеті төмендеп, көзәйнек алуға мәжбүр болған. Мысалы, бір айда 50-дан аса ата-ана келді. Сәбилерге арналған көзәйнектердің қалыңдығы 70 жастағы қарттардікіндей қазір. 4-5 сағаттап телефонға қарап отыратын баланың көз ауруына шалдығуы әбден мүмкін екенін мамандар да ескертеді.

Ырысты Зорбаева, көзілдірік дүкенінің сатушысы:

- Қыста балалар көзілдірігіне сұраныс аз еді. Ал төртінші тоқсанды үйде оқығаннан бастап бізге сатып алушылар көптеп келе бастады. Көбінің сұрайтыны – балалар көзәйнегі. Оқу жасындағылардың жанары әлсіреп кеткендей. Бір айда 50-ден аса ата-ана баласына көзілдірік сатып алды. Біздің дүкеннен ғана. Оған компьютер мен телефонның әсер еткені анық.

Көз қарашығының ойнақтауы аккомодация деп түсіндіріледі. Баланың жанарының жиырылып, қалпына келуі бұзылса, көз ауруына шалдығуы мүмкін. Түрлі электроникадан келетін радиотолқындар көздің кебуіне әкеп соғады. «Смартфонға кірпік қақпай қарап отырғаннан қарашық бұзылады», дейді дәрігерлер. Сондықтан аса қажеттілік туындамаса, балаңызды смартфоннан алыс ұстаған абзал.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы