420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының ауыл-аймақтарын таза сумен қамту 40%-тен сәл ғана асады

  • 164
  • UPD: 18:43, 02.09.2020

Ауыз су мәселесі Павлодар облысында күн тәртібінен түскен емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңір халқын сапалы тіршілік нәрімен қамту көрсеткіші 40%-тен сәл ғана асады. Ауыл-аймаққа таза су тарту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Шарбақты ауданындағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 53%-ке жетті. Қалған ауылдар құдық суын ішіп отыр. Ботабас ауылында барлығы 50 адам тұрады. Жуырда су тазартатын блок-модуль әкелінген. Ауыл тұрғындары оның іске қосылуын күтіп жүр.

Гүлжан Әкенова, Ботабас ауылының тұрғыны:

- Ауыл болғасын енді бәрінде құдық. Екі отбасында ғана скважина. Биыл енді ауылымызға су өткізіп жатыр. Сол су мәселесі енді жақсы болады деп айтып жатыр. Ауылдың кісілері сол таза су ішеді. Қолданады бәрі. Енді кішкене ауылымыз болса да, мәз болып тосып жүрміз.

Мұрат Биахмет осы жылдың мамыр айында Қытайдан көшіп келген. Тарихи Отанына оралған ағайындар жаңа жерде жаңа өмір бастаған. Мал асырап, бақша салады. Бірақ блок-модульдің тазартылған суына қажеттіліктің жоқтығын айтады.

Мұратбек Биахмет, Ботабас ауылының  тұрғыны:

- Тарихта енді осы Ботабастың елі осы судан ішкен екен. Мен үй алған Азамат деген кісі, оның әкесі осыдан ішкен адамдар. Енді мен осы судан іше берем. Ол енді ана жақтан «құдық қаздық» дей ме, содан ішесіздер дейді, мен одан алмаймын, тасымаймын. Осы су болады маған.

Шарбақты ауданының ауылдарында судың сапасы шынымен де жаман емес. Бірақ ауыл халқы тіршілік нәрінің үйде болғанын қалайды. Мәселен Шегірең ауылында тұратын Сатыбалды Құсайынов жуырда су құбырын өткізіпті. Енді санитарлық тораптарға орын дайындап жатыр.

Сатыбалды Құсайынов, Шегірең ауылының тұрғыны:

- Ар жақтан бер жаққа тереңдігі үш метр қылып қазып, енді қыстың күні қатпайды ғой үш метр. Үйге кіргізіп, шығарып берді. Енді бізге қалғаны кран қойып, раковина анау-мынауды сосын өзіміз қойып аламыз ғой. Ең біріншісі сол, суды кіргізіп, еліміздің бәріне бүкіл үйге, бірде бір үй қалған жоқ.

Қазір су тазарту бекетінде құрылғыларды орнату жұмысы жүріп жатыр. Су өңдеу технологиясы күрделі емес. Тек судың құрамында темірдің мөлшері қалыпты деңгейден сәл жоғары екен.

Андрей Трушаков, инженер:

- Бұл жерден шығып жатқан судың сапасы барлық талаптарға сай келеді. Сондықтан аэрациялық және суды темірден ажырататын жүйе орнатылған.

Өткен жылы Шарбақты ауданында бірнеше елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Жылдың аяғында көрсеткіш 90%-ке жетпек.

Әзілхан Әбеуов, Шарбақты ауданының әкімі:

- Келесі жылдың аяғына дейін біз ауданымызда 100% халқымызды ішетін таза сумен қамтамасыз ету өзіміздің жоспарларымызда бар. Ол жоспарлар орындалады. Керекті құжаттамалар ауданнан керек жобалық-сметалық құжатттамалар  олардың сараптамасы жасалды.

Келесі кезекте үш үлкен ауылға су құбыры тартылмақ. Тұрғындарының саны 200-ге жетпейтін шағын ауылдарға кешенді блок-модульдер орнатылады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы