426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Министрлер: Президент жүктеген міндеттерді бірін қалдырмай орындаймыз

  • 219
  • UPD: 16:08, 02.09.2020
Министрлер: Президент жүктеген міндеттерді бірін қалдырмай орындаймыз фото: zakon.kz

Ел Үкіметі темірді қызған шағында басып қалмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы аптаға дейін жалпыұлттық жоспар әзірлейміз деп бекініп отыр. Сөздеріне сенсек, Президент жолдауда жүктеген мідеттерді бірін қалдырмай орындамақ. Сонда олар нақты не істегелі жатыр?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Министрлердің қызметі қауырт. Тынығып үлгермеді. Президент «демалыс дегенді ұмытыңдар» деген. Қазір ойға да, қырға да шапқылап жүр. Кеше тағы біраз міндет жүктелді. Соларды енді орындау керек. «Алдымен кәсіпкерлерге қалай көмектесеміз» деп бас қатырса керек. Сөйтіп, бір тоқтамға келгенге ұқсайды.

Дәрігерлер де қаржылай қолдаудан қағылып қалмайды. «Жыл соңына дейін үстемақы береміз», деді. Ол үшін бюджеттен 150 млрд теңге бөлу көзделген. Келесі жылдан бастап 247 медицина қызметкерінің жалақысы көбеді. Осы күні сіңірі шығып жүрген жандар, алдағы үш жылда жілік мүжіп отыратын кезге жетеді.

Мұғалімдер де марқайып қалатын болды. Дәптер тексерсе, сыныпқа жетекшілік етсе, қосымша үстемақы алады. Магистр дәржесі барларға енді 27 мың теңге артығымен беріледі. Қазір бұқара «балаларды мектепке қашан береміз» деп төрдегілерге көз тастаумен жүр. Министр бұған да жауап берді.

Елді елең еткізген тағы бір мәселе. Зейнетақы қорынан кімдер ақшасын ала алады? Ондай мүмкіндік 721 мың салымшыға беріледі. Сала басшысы осылай деді. Жыл соңында нақты кімдердің алатыны белгілі болады.

Кейбірі зейнетақы қорына салған ақшасын ала алмай жүрсе, енді бірі тапқан-таянғанын шетелге тасып әлек. Офшорлық шот ашып, қармап қалған қаржысын сол жерге үйіп-төгіп жатыр. Министрлік енді бұған тосқауыл қоймақ. Президент айтпаса, сең бұзылмайтындай көрінеді кейде.

Министрлер осылай желпініп отыр. «Президент жүктеген міндеттерді бірін қалдырмай орындаймыз» дейді. Үкімет «тапсырмаларды тап-тұйнақтай қылуға дәрмен жетеді» деді.

Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін жалпыұлттық жоспар әзірленбек. Оны алдағы аптаға дейін дайындап қояды. «Президент қол қойса, бас алмай қызмет қылуға кірісеміз», дейді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы