426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент тапсырмаларын орындау үшін жоспар әзірленеді

  • 161
  • UPD: 19:42, 02.09.2020

Ел үкіметі темірді қызған шағында басып қалмақ. Алдағы аптаға дейін жалпыұлттық жоспар әзірлейміз деп бекініп отыр. Сөздеріне сенсек, Президент жолдауда жүктеген міндеттерді бірін қалдырмай орындамақ. Билік басындағылардың нақты жоспары қандай болмақ?

Министрлердің қызметі қауырт. Тынығып үлгірмеді. Президент демалыс дегенді ұмытыңдар деген. Қазір ойға да, қырға да шапқылап жүр. Кеше тағы біраз міндет жүктелді. Соларды енді орындау керек.

Алдымен кәсіпкерлерге қалай көмектесеміз деп бас қатырса керек. Сөйтіп, бір тоқтамға келгенге ұқсайды.  

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

- Дәрігерлер де қаржылай қолдаудан қағылып қалмайды. Жыл соңына дейін үстемақы береміз деді. Ол үшін бюджеттен 150 млрд теңге бөлу көзделген.

Келесі жылдан бастап 247 медицина қызметкерінің жалақысы көбеді. Осы күні сіңірі шығып жүрген жандар, алдағы үш жылда жілік мүжіп отыратын кезге жетеді. 

Мұғалімдер де марқайып қалатын болды. Дәптер тексерсе, сыныпқа жетекшілік етсе – қосымша үстемақы алады. Магистр дәрежесі барларға енді 27 мың теңге артығымен беріледі. Қазір бұқара балаларды мектепке қашан береміз деп, төрдегілерге көз тастаумен жүр. Министр бұған да жауап берді. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Елді елең еткізген тағы бір мәселе. Зейнетақы қорынан кімдер ақшасын ала алады? Ондай мүмкіндік 721 мың салымшыға беріледі. Сала басшысы осылай деді. Жыл соңында нақты кімдердің алатыны белгілі болады. 

Кейбірі зейнетақы қорына салған ақшасын ала алмай жүрсе, енді бірі тапқан-таянғанын шетелге тасып әлек. Офшорлық шот ашып, қармап қалған қаржысын сол жерге үйіп-төгіп жатыр. Министрлік енді бұған тосқауыл қоймақ. Президент айтпаса, сең бұзылмайтындай көрінеді кейде.

Министрлер осылай желпініп отыр. Президент жүктеген міндеттерді бірін қалдырмай орындаймыз дейді. Үкімет тапсырмаларды тап-тұйнақтай қылуға дәрмен жетеді деді.

Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау үшін жалпыұлттық жоспар әзірленбек. Оны алдағы аптаға дейін дайындап қояды. Президент қол қойса, бас алмай қызмет қылуға кірісеміз дейді.

Автор: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы