426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Шуақ ауылының тағдыры түзету мекемесінің жұмысына тәуелді болып қалды

  • 174
  • UPD: 00:37, 03.09.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы 1300-ге жуық тұрғыны бар Шуақ ауылының халқы елдімекеннің болашағына алаңдап отыр. Тұрғындар негізінен 4 түзеу мекемесінде еңбек етеді. Ішкі Істер министрлігінің оңтайландыру жоспарына сәйкес екі нысан қысқаруы мүмкін. Бұл жоспар іске асса, ауылдағы 161 адам жұмыссыз қалып, мектепте 80 оқушы азаюы мүмкін.

Жалғызтөбе кентінде жалпы 5 мыңға жуық халық бар. Соңғы жылдары бұрын болмаған жаңа нысандар бой көтерді. Қазір абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасына сәйкес 6 жоба жүзеге асып жатыр. Жаңа саябақ пен спорт алаңын салып, Мәдениет үйін іске қосуға 130 миллион теңгеден артық қаражат бөлінген. 

Қайырғазы Закимов, Жалғызтөбе кентінің әкімі:

- Елді мекендердің ортасындағы қараңғы, балалар жүретін көшелерге 20 баған қойып, жарықтандырдық. Келесі жылға арғы 3 кварталға өзіміздің қаражатпен, 1,2,3-кварталдарға толық жарықтандыру көзделген. Сонда бізде Жалғызтөбеде 80-90 процент көше жарығы жанады. Ендігі жылы сұрап отырмыз, спорт кешенін қолға алып, соны жұмыс істетсек, соған атсалысып, соны салсақ деген ойда отырмыз. 

Осы кентке қарасты Шуақ ауылында да үйлер жөнделіп, балаларға ойын алаңдары салынып жатыр. Мұндағы халықтың басым көпшілігі төрт түзеу мекемесінде еңбек етеді. 300-ге жуық оқушысы бар мектеп, 100 бүлдіршінге арналған балабақша бар. Көп қабатты тоғыз үй мен колонияларды жылытатын қазандықтың күрделі жөндеуіне былтыр 200 миллион теңгеден артық қаражат бөлінген. Енді тұрғындар мекемелердің оңтайландыру жоспарына сәйкес қысқаратынына алаңдап отыр. 

Назгүл Тұрсынғазықызы, Шуақ ауылының тұрғыны:

- Осы түзеу мекемелері жабылса, бұл ауылда көптеген тұрғындар жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр. Біздің мектебімізден 80 шақты оқушы кетуі мүмкін егер 17-мекеме жабылса, ал оқушылардың біздің мектептен ауысып кетуі ол көп кері әсерін тигізеді. Біріншіден, сыныптарды оқушы азаяды, екіншіден, сыныптар қысқарады, үшіншіден, жұмыссыздыққа бет бұрады мұндай келеңсіз жағдайлар. Енді біздің ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған мәселе, берекесі мен бірлігі жарасқан ауылымызда осыны жаппай, жақсы бір шешім қабылдаса екен деген ойымыз бар. 

Кезінде Шуақ ауылы жабық әскери қала болатын. Өткен ғасырдың 90-жылдары қаңырап бос қалғанда елдімекенді қалпына келтіріп, жұмыс орындарын ашу үшін бірнеше түзеу мекемесі ашылған еді. Тұрғын үйлердің қалпына келтіріп, ғимараттарды жөндеуге қыруар қаражат кетті. Енді колониялар жабылатын болса, жұмыссыздық белең алып, елді мекеннің қайта қаңырап қалар түрі бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы