420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында халық саны азайған ауылдарды қалпына келтіру ісі қарқын алды

  • 192
Павлодар облысында халық саны азайған ауылдарды қалпына келтіру ісі қарқын алды

Мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында ауылдардың әлеуетін арттыру өңір экономикасын көтерудің басты тетігі екенін атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындары алыс ауылдардан орталыққа жөңкіле көшкен Павлодар облысында бұл мәселе шешімін таба бастады. Халық саны азайған ауылдарды қалпына келтіру ісі қарқын алды.

Орловка ауылына жол жөндеу техникалары келді. Қазір көшелерге асфальт төселіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жолдар отыз жыл бойы жөнделмеген. Александра Шутько – Орловка ауылының байырғы тұрғыны. Ауыл өмірінің жақсаратынына сеніммен қарайды. Жаңарып жатқанына өзі де куә.  

Александра Шутько, ауыл тұрғыны:

– Ой-шұңқыры бітеліп, басынан аяғына дейін біркелкі жол түсіп жатыр. Жаяу жүрсең де, көлікпен жүрсең де, жай қарасаң да көңілің толады.

 Жұмыс сапасын осы ауылдан сайланған депутат Сергей Широтский жеке бақылауына алған. Ол жерлестерінің игілігі үшін бөлінген қаржының мақсатты жұмсалғанын қалайды.

Сергей Широтский, Шарбақты аудандық мәслихатының депутаты:

– Ауыл жолдарының жақсы болғанын әрбір тұрғын армандайды. Біздің ауылда ауыз су мәселесі оң шешімін тапты. Өкен жылы су құбыры тартылды. Биыл міне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жол құрылысы толыққанды жүргізіліп жатыр.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шарбақты ауданында 10 жоба жүзеге асып жатыр. Жолдан бөлек, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізіледі. Мәселен, аудандық кітапхана ғимараты адам танымастай өзгеріпті.

Аудандық кітапхана іргетасының қаланғанына биыл 66 жыл. Бұл Шарбақты ауылындағы ең көне нысандардың бірі. 2015 жылға дейін мұнда мектеп болған. Кейін оқушылар жаңа мектепке ауысқаннан кейін кітапханаға берілген екен. Биыл мінекей күрделі жөндеуден өтіп отыр. Ең бастысы құрылысшылар сонау 1954 жылы салынған келбетін сақтап қалуға тырысқан.

Гүлжан Естаева, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры:

– 120 мың кітап қоры бар. Бүкіл төбелерден жаңбыр жауған кезде су ағып жатты. Кітаптардың бәрі бүлініп кете ме деп қорықтық.

Ауыл тұрғындарының рухани өмірінде кітапхананың алар орны ерекше. Коворкинг орталық, түрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Республика көлемінде үздік танылған кітапхана оқырмандары енді білім қорын жаңарған кітапханада байытатын болды.

Гүлжан Естаева, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры:

– 2018 жылы «Рухани қазына» бағдарламасы бойынша кітапханамыз ең үздік аудандық маңызы бар кітапхана атағына ие болды. Бізде кітапханада әртүрлі клубтар жұмыс жасайды. Бүкіл аудан оқырмандары осы кітапханаға келіп бос уақыттарын өткізеді.

Шарбақты ауданында бұған дейін жол сапасына шағып көп түсетін. Соңғы бірнеше жылда тозығы жеткен асфальт жолдар жөнделді. Қазір аудан бойынша жолдардың 85 проценті қалпына келтірілген. Келесі жылы ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 29 жоба жүзеге асады. Айта кетерлігі, ауылдарда жаңа үйлерге сұраныс артыпты. Бүгінгі күні тұрғын үй құрылысы саласында да қарқын бар. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы