420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Біржан Нұрымбетов түрлі жастағы салымшылардың қорындағы қаржы мөлшерін атады

  • 176
  • UPD: 06:29, 04.09.2020

721 мың қазақстандық зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін ала алады. Бүгін сала министрлігі қор қаржысын жаратудың шарттарын жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған кешенді шара денсаулық сақтау мен білім беру саласын да қамтиды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жинақтаушы қордағы ақшаны мезгілінен ерте жаратпас бұрын болашақта ол қаржының зейнетақы алуға жететініне көз жеткізу қажет. Яғни, жеткіліктік шегін ескерген жөн. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұғымды таныстыра отырып, түрлі жастағы салымшылардың қорындағы қаржы мөлшерін атап өтті. Мысалы, 30-35 жас аралығындағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» 3 миллионға жуық; 40-45 жастағыларға 4 миллион теңге шамасында, ал 50 жастан әрі қарай 5,5 миллионға дейін болмақ.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Кімдер, қандай жағдайда жинағының бір бөлігін ала алады? Біріншіден, ол жұмыс істеген, жұмыс істеп жүрген азаматтар, яғни бірыңғай зейнетақы қорында жарналары бар азаматтар. Егер де олардың сомасы жеткілікті шегінен асып жатса, әрине. Мұндай азаматтар саны болжам бойынша 530 мың адамды құрайды. Екіншісі – зейнет жасына жеткендер. Егер де олардың жинақтаушы қорында қаражаттары бар болса, ол кісілер қаражаттың 50%-іне дейін ала алады. Мұндай кісілердің саны 178 мыңнан асады, оның ішінде құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне де тарайтын болады.

Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген әрі қорда жинағы сақталған азаматтар да қаржыны мезгілінен бұрын жарата алады. Біржан Нұрымбетов осы қаражатқа баспана алудың тәртібіне бөлек тоқталды.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бұл жерде тұрғын үйді немесе жер учаскесін сатып алуға болады. Оның ішінде тек қана бастапқы жаңа үй ғана емес, ол қайталама нарықтағы, екінші нарық дейміз, сол жердегі үйді де сатып алуға болады. Бұл ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге жұмсауға болады. Ол кез келген екінші деңгейдегі банк, кез келген бағдарламамен алынған ипотекаға тарайды. Өзінің тұрғын үйін салу, жаңарту немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады.

Тұрғын үй жағдайын жақсартудың егжей-тегжейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» реттейді. Ал, қордағы қаржыны емдеуге жұмсау талаптарын Денсаулық сақтау министрлігі бекітпек. Денсаулық демекші, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері жыл соңына дейін тиісті үстемақыға қол жеткізеді. Бұл мақсатта қазынадан қосымша 60 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар алдағы екі жылда дәрігерлер мен эпидемиологтар жалақысы 2 есеге артады.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- 2021-2023 жылдарыға арналған бюджет туралы заң жобасына осы шығыстар қарастырылған. 247 мың медициналық қызметкердің жалақысын көтеруге жалпы сомамен 2021 жылы 221 млрд, 2022-жылы 362 млрд, 2023 жылы 557 млрд теңге құрайды.

Жолдау жүктеген тағы бір мақсат – бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен толықтай қамту. Ол үшін мемлекет пен жекеменшіктің арадағы серіктестік тағы ынталандырылады. Мәселені жеделдетіп шешуде, білім сапасын ұмытпаған абзал. Бұл ретте ваучерлік механизм енгізіледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Қазіргі уақытта облыс, қаланың немесе ауданның білім басқармалары конкурс өткізіп, қай балабақша мемлекеттік тапсырысты алатынын анықтап отырса, бұдан кейін ата-ана өзі таңдайтын болады. Бұл әрине, біріншіден, бәсекелестікті артатын болады. Екіншіден, бәсекелестік деген ол сапа мәселесі.

Әлеуметтің қай саласында болмасын, халыққа шарапаты тиер істерді атқаруда икемділік қажет. Яғни, әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастыру міндеті тұр. Ол үшін Үкімет қағазбастылықтан арылуды көздеп отыр.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Осыған орай Үкімет елдің бірыңғай әлеуметтік кодексін әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл барлық нормативтік-құқықтық базаны біріктіруге және жүйелеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда елдің әлеуметтік қауіпсіздігі 17 заңмен және ондаған заңдық актілермен реттеліп отыр. Халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында бұл нормаларды әлі де жетілдіру керек. Президент Жолдауының Үкіметке жүктеген басты міндеті те осы.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы