420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елімізде 3700-ге жуық контрафактілік өнім тіркелді

  • 98
  • UPD: 23:25, 03.09.2020

Заңсыз тауар айналымы Алматы мен Шымкент қалаларында кең етек жайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заң бұзушылар әлемдік бренд белгісімен тауар шығарып, онысын еркін саудалап келген. Зияткерлік меншік құқығын бұзғандар жайлы тілшіміз әңгімелейді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елімізде тауарлық белгісі әділет органдарында тіркелген 70 мың кәсіпорын бар. Соңғы 5 жылда олардың саны едәуір көбейіп келеді. Себебі, бұл өнімді контрафактіден қорғаудың жалғыз жолы.

Мақпал Шугаипова, ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары:

- Биылғы 8 айда 3148 тауарлық белгі тіркелді. Жалпы біздің ұйым ашылғалы 70 мыңға жуықтап қалды. Соңғы 5 жылда жағдай өзгере бастады. Тауарлық белгі алушылардың саны артты. Қатары жыл сайын шамамен 10%-ке көбейіп отырады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – контрафактілік өнім шығаратын жасырын цехтар. Белгілі тауардың көшірмесін жасап, зияткерлік меншік құқығын бұзғандар Алматы мен Шымкентте тіркелді. Бірінде кір жуғыш зат жасалса, енді бірінде жол сөмкелері шығарылып келген.

Мейіржан Төлепов, ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры:

- Әкімшілік жауапкершілікке 20 адам тартылды, олардың 15-і 2019 жылдан бастап қозғалған істер бойынша. Заңсыз айналымнан 1 млн 684 317 теңгеге 3692 контрафактілік өнім алынды.

Тауардың көшірме үлгісін жасау ұйымдасқан қылмысқа жатады. Алматыдағы зияткерлік меншік құқығын қорғау фирмасының өкілдері осындай заңбұзушылықтармен жиі кездеседі. «Қазір елімізде балалар ойыншығы, киім-кешек, құрылыс заттары және автобөлшектердің де көшірмесін кең етек жайды», - дейді мамандар.

Юрий Болотов, Зияткерлік меншік құқығын қорғау фирмасының басшысы:

- Көшірмелерді көбіне шағын және орта бизнес субъектілері жасайды. Мұндай мекемелерді біз қазір тексере алмаймыз. Себебі, жыл басында жарияланған мораторий бар. Бұл мерзім 3 жылға созылады. Адамдар да бағасы әлдеқайда арзан көшірме бұйымдарды сатып алуға бейім болып кеткен. Бұл кез келген бизнеске кері әсер етеді.

Биыл мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнесті тексеруіне мораторий жарияланған. «Бұл бір жағынан кәсіпкерліктің кедергісіз дамуына сеп болса, екінші жағынан контрафактілік өнімдердің көбеюіне ықпал етеді», - дейді мамандар.

Жанат Нұрмағамбетов, Зияткерлік меншік құқығын қорғау фирмасының заңгері:

- Контрафактілік өнімдерді кез келген жерде кездестіруге болады. Қазір сауданың электронды жүйеге көшуіне байланысты ол интернет әлемінде көбейіп кеткен. Бұл – ұйымдасқан топтардың ісі. Қазіргі таңда контрафактілік өнімдердің көлемі әлемдік есірткі саудасынан да асып түседі.

Елімізде тауарлық белгісін заң жүзінде тіркемеген өндіріс орындары әлі де бар. Бұл өз кезегінде көлеңкелі экономиканың көлемін арттырады. Сондықтан мамандар кез келген өнім өндірісінде зияткерлік меншік құқығын иелену керектігін ескертеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы