420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетау іргесіндегі Садовое ауылының тұрғындары малын қайда бағарын білмей дал

  • 143
  • UPD: 06:12, 04.09.2020

Көкшетау қаласының іргесіндегі Садовое ауылының тұрғындары «елді мекен маңында мал жайылымы тарылып барады» деп редакциямызға шағымданды.

Өріс онсыз да жетпей жатқанда жақында тағы бір алқапты ауыл шаруашылығымен айналысатын серіктестік иемденіп алған. Енді қарапайым халық малын қайда апарып бағарын білмей дал.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ауылдықтардың айтуынша, осындағы жекеменшік компаниялардың бірі елді мекеніндегі мал жайылымы болған жердің 200 гектардан астамын жақында жыртып тастаған. «Онсыз да жайылым тар кезде, бұл жығылған үстіне жұдырық болды», - дейді, тұрғындар. Ал, Садовое ауылында 200-ден астам ірі қара, 500 бас қой және 150 жылқы бар.

Бейсенбек Зинатбек, ауыл тұрғыны:

- Біздің ауылдың бұрын үш жағы егін болатын. Малды басқа жаққа бұра алмайсыз. Тек осы бір бағыт болатын. Енді міне, төртінші бағытты да егін салғалы жатыр. Сонда бұл ауылдың халқы немен күн көреді? Қалай болады? Қаншама адам кредит алып, мал ұстап, шаруашылық ұстап отыр. Осының бәріне кім жауап береді ертең? Кредиттерін қалай қайтарады? Қалай мал бағады?

Ал, аудандық әкімдіктен келген мамандар бұл жердің расымен де жеке компанияға тиесілі екенін және олар қазір оны игермесе, мемлекет меншігіне қайтарылатынын айтады. Бірақ бұл жер жайылымдық емес, егістік үшін арналған. Жергілікті билік өкілдері жерді пайдаланып отырған кәсіпкердің әрекеті заңды екенін айтып отыр. 

Әділбек Сыздықаев, Зеренді аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі:

- Алайда, біз «Агротрейд» серіктестігінің басшылығымен бір келісімге келдік. Енді олар мына тұрған ағаштың жанынан 300 метр жер қалдыратын болды. Міне, сол жермен ауылдың малы ары қарай өтіп кете алады. Бірақ ол жер де сол компанияға жалға берілген. Дегенмен, онда мал жаюға рұқсат беріп отыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, одан бөлек, көрші Елікті ауылына қарай да мал өрістетуге болады. Десе де, тек аталған ауылда ғана емес, жалпы аудан көлемінде жайылым тар екендігін жасырмайды. Айтуынша, барлық малды толық қамту үшін әлі 180 мың гектар жер қажет. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі, мұндағы жерлердің көбі егін себу үшін арналған. Ал, арнайы жайылым аумағын кеңейту қарастырылмаған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы