431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да Преснов топтық су құбырының салынып жатқанына 7 жыл болды

  • 159
  • UPD: 06:18, 04.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбырының құрылысы ұзаққа созылып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл салынып жатқанына 7 жыл болды. Нысан 33 мың халықты сумен қамтуы тиіс. Бұл жобаға ел қазынасынан 8 млрд теңге бөлінген. Бірақ қаржы игерілмей, жұмыс тоқтап тұр. Тіршілік нәрі жетпей жатқан ауылдардың біріне аймақтағы арна тілшісі барып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Раиса Грейлихтің шаруасы шаш етектен. Жасының егде тартқанына қарамай, әлі күнге дейін үйінің бар жұмысын өзі тындырады. Бүгін кір жуып тастауы тиіс. Өйткені...

Раиса Грейлих, Становое ауылының тұрғыны:

- Ертең су болмайды. Сондықтан арнайы ыдысқа толтырып қоямын. Жолдасым мен балам шаруа қожалығын ұстайды. Күнде кірлеп келеді. Сондықтан күн сайын монша жағып, кір жуамын.

Былтыр Становое ауылына «санация» әдісімен су құбыры салынды. 50 шақты отбасы үйге тартқызып алды. Бірақ тіршілік көзі аптасына 3-ақ рет беріледі. Бұл мәселені шешу үшін биыл сорғы станциясы салынуы тиіс еді. Салынбады.

Мұрат Сюникаев, Становое ауылының тұрғыны:

- Осы жылы жылқымды сатып, су тартқыздым. Үйімнен құдыққа дейін 85 метр. Соған 320 мың теңге кетті. Су күнде ақпайды. Сапасы да көңіл көншітпейді.

Светлана Гуменик, Становое ауылының тұрғыны:

- Міне, қолымда екі жарым жыл жинаған құжаттар. Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі біздің ауылға сорғы станциясын салуға 54 млн теңге бөлінді деп жауап берді. Бірақ ақша игерілмеді. Неге?

Солтүстік Қазақстан облысында Преснов топтық су құбырының құрылысы 2014 жылы басталған. Ол бойынша осы Становое ауылына да резевуар салынуы тиіс еді. Бірақ іс бір орында тұр. Оны ауыл әкімі де ашық айтты.

Виктор Мищенко, Воскресенов ауылдық округінің әкімі:

- Аудан әкімі экология, геология және табиғат ресурстары министрінің орынбасары Сергей Громовқа хат жолдады. Ол мәселені «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшыларының жиі ауысуымен байланыстырады. Біреуі кетсе, екіншісіне ұнамай қалады. Біз қолдан келгеннің бәрін істедік. Екі ортада халық қиналып отыр.

Оның кесірі бір ғана ауылға тиіп отырған жоқ. Преснов су құбыры салынып бітсе, 3 ауданның 33 мың халқы сумен қамтылады. Тапсырыс беруші – су ресурстары комитеті. Мердігер ұйым – «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорны.

Әділбек Әубәкіров, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Былтыр бұл жобаға 2,9 млрд теңге бөлінген. Бір тиыны да игерілмей, бюджетке қайтырылды. Биыл 1,1 млрд теңге. Бірақ тапсырыс берушінің шешімімен жұмыс тоқтатылды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Становое ауылындағы ана тұрған су мұнарасы да жұмыс істемейді. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар ел Президенті мен Бас прокуратураға хат жазып жіберді. Халық үніне құлақ асады деген үмітпен.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы