428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 300-ге жуық отбасы ЭКҰ кезегінде тұр

  • 195
  • UPD: 10:31, 04.09.2020

Ақтөбе облысында мың жарымға жуық отбасы табиғи жолмен нәресте сүю мүмкіндігінен ада. Қазір 300 ерлі-зайыпты экстракорпоралды ұрықтандыру әдісіне кезекке тіркелген. Алайды биыл мемлекеттік бюджеттен тек 53 жұпқа қаражат бөлінген. Дәрігерлер мұндай отбасыларының бірнеше жыл бойы кезекте тұруы  кері әсерін тигізеді деп дабыл қағуда. Себебі уақыт өте әйелдердің  нәресте көтеруге денсаулығы жарай бермейді.

Отау құрып, отбасылы болғанына 5 жылдан асқан Юлия үшін нәресте сүюдің бірден бір жолы жасанды ұрықтандыру әдісі. Себебі бұған дейін ерлі-зайыпты ақтөбеліктер түрлі ем-дом қабылдағанымен нәтиже болмаған. Сондықтан мемлекеттік квотаға иек артып отыр. Кезегі жеткен соң жұбайы екеуі тиісті зертханалық сынамалар тапсыруға кіріскен.

Юлия,  қала тұрғыны:

- Бұл сараптамалар өте қымбат. Гормонды дәрі-дәрмек те арзан емес. Өзіміздің қалтамыз мұндай шығындарды көтере алмасы анық. Себебі Ақтөбеде оның бағасы бір миллион теңге шамасында болса, шетелдік емханаларда тіпті бірнеше миллионнан асады. 

Қазір Ақтөбе облысында бедеулікке шалдыққан мың жарымға жуық отбасы тіркелген. Алайда олардың жартысына жуығы әзірге жасанды жолмен бала сүю мүмкіндігіне ие. Бұл орайда әйел азаматынан бөлек ерлердің де денсаулығын айта өткен жөн. Дәрігерлер соңғы кезде экология мен күнделікті күйзелістің кесірінен ер азаматтардың да белсіз болуы жиі кездеседі дейді.  

Гүлнар Бекбосынова, эмбриолог-генетик дәрігер:

- Бұған дейін бедеуліктің негізгі себебі жатыр түтікшелерінің дертіне байланысты болып келсе, қазір эндокринді жүйеге негізделген, яғни әйелмен қатар ер адамның денсаулығына да байланысты болады. Ол түрлі күйзелістер, инфекциялар, гормонды өзгерістердің салдарынан.  

Қазір ЭКО әдісіне кезекке 300 ақтөбелік отбасы тіркелген. Биыл олардың тек 53-і ғана мемлекеттік квотаға иек арта алады. Көптеген нәзік жандылар аңсаған жүктілікті жылдар бойы күтуге мәжбүр. Нәтижесінде жастары ұлғайып, бала сүю мүмкіндігі күрт төмендейді. 

Светлана Есенаманова, облыстық перинаталдық орталығы директорының орынбасары:

- Адамдар квотаның аз екендігін біліп, бірнеше жыл бойы қарапайым емханаларды аралап жүре береді. Біздің ЭКО орталығына жеткен кезде бала көтеру кезеңінен уақытты оздырып алғандығы анықталады. Сондықтан да жүктілікті алдын ала жоспарлап, дер кезінде қолға алса, сәби сүюге мүмкіндік мол болар еді. 

Мұндай жұптардың отбасын сақтап қалуға да енжар қарайтындығын мамандар растап отыр. Өңірде жыл басынан ажырасқан ерлі-зайыптылардың төрттен бірінде ортақ бала болмаған.  

Мейрамгүл Ихсанова, АХАЖ бөлімінің бас маманы:

- Биылғы жылдың 8 айында 472 отбасы ажырасқан болса, олардың 109-ында  кәмілетке толмаған балалары жоқ. Өткен жылғы есеп бойынша мұндай 158 отбасы ажырасты. 

Ирина Украинцева,  психолог:

- Кәсіби тәжірибеме сүйенсем, ажырасуға бел шешкен ерлі-зайыптылардың 99 процентінде балалары болмайды. 3,5 тіпті 7 жыл бірге өмір сүргеніне қарамастан ортақ мәмілеге келе алмай, түсінбестік пайда болып, артынша екі жаққа кетіп тынады. 

Соңғы 9 жыл ішінде жасанды жолмен Ақтөбе облысында жүзге жуық нәресте дүниеге келген. Бұл мемлекеттік бюджеттен бөлінген 330 квотаның нәтижесі. Алдағы жылы бұл салаға бөлінетін қаржы көбейетін болса, үйі базарға айналған бақытты отбасыларының  да артатындығы ақиқат. 

Авторлар: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы